astana-view

Қазақстандықтар арзан әуе билет ала алмай қалуы мүмкін

2023 жылғы 09 Қараша
6608 просмотров

Дереккөз: Freepik

Қазіргі кезде ҚР Парламенті Мәжілісінде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Онда  әуе компаниялардың қайтарылмайтын тарифтерді қолдануына тыйым салу көзделген. Егер бұл норма қабылданса, авиакомпаниялар қайтарылмайтын тарифтерді алып тастауға мәжбүр болады. Осылайша тұтынушы арзан әуе билеттерін сатып алу мүмкіндігінен қағылады.

ҰКП мамандары арзан, бірақ қайтарылмайтын билет тарифтерін қолдану әлемдік практика екенін атап өтті. Осындай тарифтерді қолдану арқылы әуе компаниялар табыс төмен азаматтарға қолжетімді бағада билет сата алады. Қайтарымсыз тарифтер практикасын Lufthansa, Turkish Airlines, Аэрофлот, Pegasus, Uzbekistan Airways компаниялары қолданады. Бұл алпауыттар рейстерді Қазақстанға да жүзеге асырады, сәйкесінше баға саясаты бойынша басымдыққа ие болады. Осылайша отандық әуе компаниялары үшін заңнама негізінде шетелдік авиакомпаниялармен тең емес бәсекелестік жағдай жасалайын деп тұр.

 Қазіргі кезде «Эйр Астана» және Fly Arystan  әуе компаниялары сатып жатқан қайтарылмайтын тарифтер 50 пайыздан асады.

Бұл тыйым тұтынушы үшін тарифтердің өсуіне, олардың жоғары құнына байланысты Қазақстан Республикасының азаматтары үшін әуе көлігі қызметтерінің қолжетімділігін шектеуге әкеп соғады.

Кәсіпкерлер әуе жолаушыларының (тұтынушылардың) құқығы «Әуе кеңістігін пайдалану туралы», «Көлік туралы» бірнеше заңмен реттелетініне назар аударды. ИИДМ-нің 30.04.2015 жылғы № 540 бұйрығымен бекітілген Жолаушылар, багаж және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларында: жолаушылардың түрлі санаттары үшін тасымалдау қағидалары; тасымалдаушылардың жолаушыларға қатысты міндеттемелері; әуе кемесінің бортында жолаушыларға көрсетілетін қызметтер тізбесі белгіленген.

Осылайша жоғарыда көрсетілген нормативтік-құқықтық актілермен авиажолаушылардың (тұтынушылардың) құқығының толық тізбесі қамтылған. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң жобасымен әуе жолаушыларының құқығын реттеудің қажеті жоқ. Осыған байланысты заң жобасының 2-бабының 3-тармағына өзгерістер енгізуді, атап айтқанда, осы шара қолданылмайтын авиациялық қызметтермен көрсетілетін қызметтер  тізбесін толықтыруды ұсынамыз.

«Атамекен» ҰКП сауда департаменті ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Н. Сабильяновқа хат жолдады. Құжатта бизнестің осы мәселе бойынша позициясы көрсетілген.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер