astana-view

Тарифтерді реттеу мәселелері қаралды

2023 жылғы 30 Қараша
- Қызылорда облысы
7365 просмотров

Бүгінгі күні өңірімізде жеке тұлғалардың, бюджеттік мекемелердің және заңды тұлғалардың төлеп отырған тарифтер бағамы әр-түрлі. Осы тұрғыда Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің кезекті отырысында мәселенің өгіз де өлмей, арба да сынбайтын жолдары қарастырылды.

Шараға Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңес мүшелері және  ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департамент өкілдері және аудандық кәсіпкерлер палатасының басшылары онлайн байланыс арқылы қатысты. 

 «Қазіргі таңда кәсіпкерлердің мемлекетке төлейтін салық түрлері өте көп, оған ай сайынғы мекемені жалға алу құны және коммуналдық шығындар қосылады. Кәсіпкерлер ірі-шағын деп бөлінбей тарифтерді бірдей бағамен төлеп келеді. Тағы бір айта кететін жайт, аудан мен қала көлеміндегі бағалар да бірдей. Осы ретте, төлем тарифтері бойынша бөлек тариф енгізілсе деген ұсынысымыз бар»-деді өңірлік кеңес мүшесі Болат Нұрхожаев.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы Айбек Егембергенов өз ретінде елімізде коммуналдық тариф бағаларының тиісті заңнамаға сәйкес екендігін айтып, алдағы уақытта барлық әлеуметтік топтар үшін тариф бағасын бірыңғайлау мәселесі қаралуда екенін айтты.

Отырыс қорытындысында кеңес мүшелері аталмыш мәселені зерделеп, тиісті мекемеге ұсыныс жолдау жөнінде шешім шығарды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер