astana-view

Ақтөбелік кәсіпкерлерге Арбитраж орталығының қызметі таныстырылды

2023 жылғы 15 Желтоқсан
- Ақтөбе облысы
5849 просмотров

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі «Атамекен» ҚР ҰКП Арбитраж орталығының қызметімен танысты. Кеңестің кезекті отырысы Асхат Айтжановтың төрағалығымен және ӨКП қызметкерлерінің қатысуымен өтті.

Арбитраж орталығы Ұлттық палатаның еншілес ұйымы болып табылады және дауларды соттан тыс қарау саясатын іске асырады. Негізінен кәсіпкерлік қызмет шеңберінде бизнес субъектілері жасасқан шарттардан туындайтын даулар қаралады.

«Біз негізінен бизнес субъектілерінің кәсіпкерлік қызмет шеңберінде жасаған келісімшарттарынан туындаған дауларды қарастырамыз. Отандық сот жүйесінің үлкен жүктемесін ескере отырып, сондай-ақ кәсіпорындардың мамандануына байланысты түрлі сұрақтар бойынша судьялардың барлығы бірідей білікті әрі сауатты позиция бере алмауы себепті арбитраж функциясы өте маңызды», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Арбитраж орталығының атқарушы директоры Асқар Қалдыбаев.  

Спикер дауларды арбитражда шешудің артықшылықтары туралы айтты, онда тараптар тәуелсіз арбитрларды өздері таңдайды,  оның біліктілігі, жұмыс тәжірибесі, кәсіби деңгейі мен беделіне назар аударады. Арбитраж шешімі әлемнің 170-тен астам елінде орындалады, ал алым сомасы талап арыз сомасының шамамен 0,5%-ын ғана құрайды, бұл сот инстанциялары алымдарынан 6 есе арзан. Осы ретте арбитраж шешімдері мен сондай-ақ арбитражда дауды шешу барысының өзі құпия жүргізіліп, жарияланбайды. Ал сот шешімдері ашық жүргізіледі, бұл жайт сот процесіне қатысып жатқан тараптардың беделіне, коммерциялық жағдайына әсер етуі мүмкін.

 «Арбитражда мәселелер тез қаралады, өйткені бізде бір ғана инстанция бар,  апелляция, кассациялық қарау жоқ, барлығы түбегейлі осында шешіледі. Әдетте бізде даулар 2-3 ай қаралады, ал сотта бір іс барлық инстанцияларды есептегенде бір жыл бойы қаралады», – деді Асқар Қалдыбаев.

 Баяндамашы арбитражда азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар ғана қаралатынын айтты, ал Арбитраж орталығына жүгінудегі басты шарт –  бизнес субъектілері арасындағы келісімшартқа туындаған дауларды арбитражда шешу туралы ережені енгізу.

Сондай-ақ, отырыс барысында Өңірлік кеңестің қызметінің ұйымдастырушылық мәселелері, Палатамен өзара іс-қимыл және кадр саясаты талқыланды.

Кеңес мүшесі Марат Итеғұлов салалық кеңестердің сараптамасын күшейтуді ұсынды және келесі жылдың жұмыс жоспарына енгізу қажет болатын өзекті мәселелер шеңберін белгіледі.

Өз кезегінде Өңірлік кеңестің төрағасы Асхат Айтжанов Палатаның аудандық филиалдарының жұмысына, алдағы жылы Өңірлік кеңес мүшелерінің ӨКП дирекциясымен бірлесіп ауылдық бизнеспен кездесу үшін аудандарға шығуын жандандыруға назар аударды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер