astana-view

Қызылорда облысы тері өндірісін дамыту жұмыстарын жолға қоймақшы

2023 жылғы 26 Желтоқсан
- Қызылорда облысы
7503 просмотров

Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен Агроөнеркәсіп кешені Кеңесі аясында өңірдегі Тері өндірісін дамыту тақырыбы талқыланды. Кеңеске өндіріс саласына қатысты тиісті атқарушы орган өкілдері шақырылып, мәселенің мән-жайы кеңінен тарқатылды.

Баршаңызға белгілі, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2019 жылдың наурыз айынан бастап ірі қара малдың терісін экспортқа шығаруға шектеу қойды. Бұл шектеу мал шаруашылығы ие­ле­ріне айтарлықтай шығын әкеліп, отандық кәсіпорындар инфрақұрылымының ішкі нарықтағы теріні сатып алуға дайын болмауы салдарынан қажетсіз лақтырыл­ған терінің көлемі артты.

Шет елдерде теріден түрлі бұйымдар шығару технологиясы әлдеқашан дамыған. Еліміздің кей өңірлері осы тәжірибені пайдаланып келеді. Осыған орай, өңірімізде тері шаруашылығымен айналысатын бірнеше кәсіпкер тәжірибе алмасу мақсатымен өзге өңірлердегі, нақтырақ айтсақ Алматы қаласы мен Жамбыл, Түркістан облыстарындағы тері өңдеу зауыттарының жұмысымен танысып келген болатын.

Олардың бірі тері өндіруші, өңірлік кеңес мүшесі Аблан Асенов «Түркістан облысы қазіргі таңда мал терісін өздері өңдеп, одан өздері түрлі тері бұйымдарын шығарып отыр. Жергілікті өнімдерге сұраныс та аз емес, себебі өнімнің сапасы әлдеқашан жолға қойылған. Біздің аймақта да тері өндірісімен айналысатын кәсіпкерлер бар, дегенмен біз терінің сапасына емес, санына жұмыс жасап отырмыз. Осы орайда малды механикалық дұрыс сою жұмыстары қолға алынса, яғни теріге зиян келтірмей сойып, әрі қарай оны өңдеуге жағдай жасалса»,-деген ұсынысын білдірді.

Бұл ретте, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның  Жобалық басқару департаментінің Стратегия және талдау бөлімінің басшысы Индира Ақжігітова «Өңірдегі тері өндірісін оңтайландыру мақсатында департаментпен барлық жағдай жасалуда. Осыған дейін кедендік БАЖ салығын алып тастау жолға қойылса, ендігі кезекте сіздердің өтініштеріңізге орай, өңдеу бағытында жұмыс жасайтын кәсіпкерлер үшін берілетін қаражат көлемін арттыру және субсидияны қайта беру жолдары қарастырылуда» деді.

Сонымен бірге облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы және облыстық ветеринария басқармаларының өкілдері мәселе төңірегінде сөз қозғады.

Кеңес отырысы барысында барлық тарап аймақта тері өңдеу саласының дамуы жолында өз құзіретіндегі мүмкіншіліктерін толық пайдаланып, ел экономикасына үлес қосуға дайын екендігін жеткізді.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 

                                                                                                               

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер