astana-view

Облыс прокуроры Ризабек Ожаров: Бизнесті қорғау - басым бағыттардың бірі

2024 жылғы 16 Ақпан
- Қызылорда облысы
8012 просмотров

15 ақпанда Өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында Қызылорда облысы прокуроры Ризабек Ожаровтың кәсіпкерлермен кездесуі өтті.

Палата директоры Пірмұхаммед Сыздық, өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимов және кеңес мүшелері қонақтарды «Бизнеске арналған үкімет» ғимаратымен және құрылымымен таныстырды.

Әрі қарай, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі және бизнес қауымдастық өкілдерінің қатысуымен жиын өтті. Жиында құқық қорғау органы мен кәсіпкерлік субъектілер арасындағы атқарылатын жүйелі жұмыстар талқыланды.

Биылғы мораторийдің аяқталуы көп кәсіпкерлерді алаңдататып отыр. Олардың сөзінше жоспардан тыс тексерістер көбейіп, бизнес қауымдастық өкілдері кәсібінің дамуына зиянын тигізуі мүмкін. Облыстық прокуратура бұл жүйеде ең басты қадағалаушы орган екені анық. Бұл ретте облыс прокуроры кәсіпкерлерге алаңдауға негіз жоқ екендігін айтты.

«Мемлекет басшысы Инвестициялық жобаларға сүймелдеу жасауды прокуратураға тапсырды. Осы себепті қазіргі таңда бизнесті қорғау біздің басым бағыттардың бірі болып табылады. Бүгінгі кездесу кәсіпкерлер алаңындағы екінші жүздесуіміз. Алғашқы кездесу инвесторлармен және жергілікті атқарушы, уәкілетті құқық қорғау органдардың қатысуымен өтті. Онда инвесторлардың проблемалық мәселелері көтеріліп, оларды шешу жолдары қарастырылса, бүгін өздеріңізбен диалог орнатып, ортақ мәселелерді талқылауға келдім. Алдағы уақытта кәсіпкерлік субъектілерімен тұрақты түрде кездесуді жөн санаймын. Осы сынды кездесулерден нәтижелі жұмыстар шығарына сенімім мол» деді Ризабек Ожаров.

Сонымен бірге, өңірдің бас прокуроры бүгінгі күнге дейін прокуратура мен өңірлік кәсіпкерлер палатасы арасындағы нәтижелі жұмыстарға тоқталып өтіп, алда әлі талай жұмыстар атқарылатындығын айтты. Кездесу барысында кәсіпкерлер тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, ұсыныстар білдірілді.

Жиыннан соң Ризабек Ожаров кәсіпкерлерді жеке мәселелері бойынша қабылдап, мәселелерінің шешілуіне ықпал жасады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер