Бизнес-коммуникацияның жаңа сатысы. Қытайда «Атамекен» ҰКП өкілдігі ашылды
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Үрімші қаласында өз өкілдігін ашты
Шекараның қасында орналасқан өңір – Қазақстан мен Қытай экономикалары үшін маңызды сауда, гуманитарлық және туристік хаб. 30 жылдық серіктестік арқасында көптеген байланыстар орнатылса да, өсудің үлкен әлеуеті әлі де бар.
Өкілдіктің миссиясы – жүйелі екіжақты экономикалық дамуға жәрдемдесу және екі ел кәсіпкерлерінің бизнес қатынастарын нығайту.
Ұйымның ашылу салтанатында қазақстандық тарапты «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары – Тимур Нақыпбеков және Алматы қаласының өңірлік кәсіпкерлер палатасының төрағасы – Нұрсұлтан Шоқанов ұсынды.
Қытайдың жергілікті әкімшілігін Үрімші қаласының Халықтық үкіметінің партиялық тобының мүшесі, Үрімші мэрінің орынбасары Хоу Юн, сондай-ақ Тотунхе жаңа экономикалық ауданы мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы арнайы экономикалық аймағының басшылығы ұсынды.
Естеріңізге сала кетейік, «Атамекен» ҰКП өкілдігін құру бастамасы ағымдағы жылғы ақпан айында ШҰАА-ның Үрімші қаласында өткен Шекаралас өңірлерді дамыту форумында жарияланды. Форум Қытайдың турбизнес өкілдерінің үлкен қызығушылығын тудырды. Жаңа идеялармен алмасудың тиімді алаңына айналды.
Осыған ұқсас өкілдік ШҰАА экономикалық және технологиялық даму саласындағы әкімшілік комитетін ашуды жоспарлап отыр. Қытай бизнес-өкілдігі Алматы қаласындағы Өңірлік кәсіпкерлер палатасының негізінде орналасатын болады.
Бұдан басқа, өкілдіктің ашылу салтанатында Үрімші экономикалық және технологиялық даму саласының әкімшілік комитеті мен «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Осылайша, Тараптар тұрақты кері байланыс орнатуды және екі елдің ресурстары, өнімдері мен өнеркәсібімен таныстыру үшін көрме залдарын жиі ұйымдастыруды, бірлескен индустриялық парктер құруды және т.б. жоспарлап отыр.
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық қатынастарын дамытуға үлкен мән береді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: