astana-view

Бизнестің тиімді жұмыс істеуі кімге байланысты?

2024 жылғы 02 Сәуір
6749 просмотров

«Атамекен» ҰКП мамандары Қазақстанда бизнестің неғұрлым қолайлы жағдай бар өңірлерге ауысуы мүмкін деп болжайды. Бұл мәслихаттар белгілейтін бөлшек салық мөлшерлемесіне байланысты болады.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Салық кодексіне бөлшек салықтың арнайы салық режимін енгізуді көздейтін өзгерістер енгізілгені белгілі.

Бөлшек салықтың арнайы салық режимі  жұмыскерлер саны 200 адамнан аспайтын және табысы күнтізбелік жылға 2 млрд теңгеден артық емес кәсіпкерлерге арналған. Арнайы салық режимін қолдана алатын Қызмет түрлерінің тізбесін ҚР Үкіметі айқындайды.

Бөлшек салық мынадай мөлшерлемелер бойынша төленуі тиіс: 

- кірістер арнайы салық режимін қолданбайтын заңды тұлғалар немесе жеке кәсіпкерлермен мәмілелер бойынша алынған жағдайда – 8%

- қалған кірістер бойынша – 4%.

Салық кодексіне сәйкес мәслихаттар бөлшек салықтың белгіленген мөлшерлемесін 4%-дан 2%-ға дейін төмендетуге құқылы, бірақ төмендету мөлшері 50%-дан аспауы керек.

«Атамекен» ҰКП кәсіпкерлерге бөлшек салық мөлшерлемесін 2%-ға дейін төмендетуге жәрдемдесу мақсатында өңірлік кәсіпкерлер палаталарымен осы мәселені талқылау бойынша жиын өткізді.

 Ұлттық палата мен өңірлік палаталардың бірлескен іс-шараларының нәтижесінде бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету бойынша өңірлік мәслихаттармен өзара іс-қимыл бойынша белсенді жұмыс жүргізілді.

Жалпы, Қазақстанда 2% мөлшерінде неғұрлым қолайлы төмендетілген мөлшерлемені қабылдауда оң динамика байқалады.

 Қазіргі кезде 12 өңірде бөлшек салықты 2 пайызға дейін төмендетуге қол жеткізілді. 

 Астана қаласы, БҚО, СҚО, Маңғыстау облыстарында мөлшерлеме 3%-ға тең.

 Шығыс Қазақстандағы 11 аудан ішінде 3 ауданда мөлшерлеме 2 пайызға дейін төмендетілді. Қалған аудандарда мөлшерлеме өзгеріссіз қалды. Қостанай облысында мәселе келісіліп жатыр, Алматыда мөлшерлеме өзгеріссіз қалды.

Мәселен, Алматы қаласының мәслихаты салық мөлшерлемесін азайтса, бюджетке түсім көлемі төмендейді деп санайды.  

Аталған мәселе бойынша өткен жиналыстарда кәсіпкерлермен жүргізілген сауалнама барысында мәслихаттар мөлшерлемені төмендетпеген өңірлердің кәсіпкерлері бизнеске жағдай жасалған өңірлерге көшу ықтималдығы туралы пікір білдірді.

ҰКП сарапшылары кәсіпкерлердің бизнес жүргізуге неғұрлым қолайлы өңірлерге ауысып кетуі әбден мүмкін екенін алға тартып, жергілікті мәслихаттарды  бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету арқылы бизнеске неғұрлым қолайлы жағдай жасауға шақырады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер