astana-view

Қаратау қаласының әкімдігі кәсіпкерлерге павильондарды босатуды талап етуде

2024 жылғы 15 Сәуір
- Жамбыл облысы
3027 просмотров

Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті көшпелі отырысы Талас ауданында өтті. Онда Талас ауданының сауда саласында қызмет атқаратын кәсіпкерлердің ұжымдық арызы қаралды.

«Өтініштің мәні, 2022 жылы Талас ауданының әкімдігіне сауда павильондарын орналастыруға жер телімдерін бөлу үшін кәсіпкерлер жүгінген болатын. Қаратау қаласы әкімінің 2022 жылғы 20 қазан, 16-18 қарашадағы Д.Сейдашоваға, Н.Сейтханұлына және Е.Ахметовке жолдаған жауаптарында көрсетілгендей, «Талас ауданында стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын айқындау және бекіту туралы» Жамбыл облысы Талас ауданы әкімдігінің 2022 жылғы 15 тамыздағы № 304 қаулысына сәйкес, Қаратау қаласы, Ә.Молдағұлова көшесінің №53 үйінің маңынан 5 жыл мерзімімен стационарлық емес сауда объектілерін орналастыруға құқық берген.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы орган тарапынан жер учаскелерін павильондарға жалға беру құқығын беру кезінде, кәсіпкерлерге ені 5 метр және ұзындығы 3 метр болатын павильондарды әзірлеу бойынша ауызша талап қойылған екен.

«Өтініш білдірген кәсіпкерлердің айтуынша «Талас ауданында стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын айқындау және бекіту туралы» қаулы күшіне енгеннен кейін, кәсіпкерлер жер учаскелерін толық игерді, яғни Қаратау қаласы әкімдігінің эскиздері бойынша павильондар орнатылып, сауда қызметі ұйымдастырылды. Алайда, әкімдік тарапынан 2023 жылғы 17 тамызда кәсіпкерлерге алдында шығарылған стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын айқындау және бекіту туралы қаулысының күшін жою туралы және орнатылған павильондарды орындарынан алып тастау туралы хабарламалар табыс етілді. Сонымен қатар, осы мәселені әрі қарай талқылау барысында, Қаратау қаласының әкімдігі жер учаскелерінде қызметті жүзеге асыруға рұқсат бергені мәлім», – деп мән-жайды баяндап берді Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Мейірхан Бекпенбетов.

Ағымдағы жылдың ақпан айының соңында, Қаратау қаласы әкімдігінің өкілдері жер учаскелерін 1 ай ішінде босату және қызметін тоқтату туралы ауызша хабар берді. Талаптар орындалмаған жағдайда, павильондар бөлшектеліп әкімдіктің күшімен бұзылады делінген.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 43-бабының 1-тармағының 7-тармақшасына сәйкес, уақытша өтеулі жер пайдалану шартын жасалмаған, бұл жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындау және алу және құқықты тіркеу мүмкіндігінің болмауына байланысты кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуына әкеп соқтырды.

Сонымен қатар, ауданның жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органына жер учаскесіне жалдау құқығын беру туралы қаулының 2-тармағында он күн ішінде тиісті жер пайдалану шартын жасасу көрсетілген.

Осылайша, бүгінде кәсіпкерлердің жер учаскелерін жалға алу құқықтары заңды түрде қорғалмаған.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер жұмысын жүргізу үшін, жергілікті атқарушы органның шешімін алып, қаржы қаражаттарын жұмсап, өз күштерімен жеңіл құрылымды павильондар жасап орнатты және жұмыс орындарын ашты.

Айта кету керек, Қаратау қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 17 тамыздағы жер учаскелерін босату туралы хабарламасы прокуратураның 2023 жылғы 1 тамыздағы ден қою актісі негізінде орын алды. «Ішкі сауда қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 27 наурыздағы № 264 бұйрығының, 50-1 тармағын бұзып, конкурс өткізбей жер учаскелері бөлінді делінген.

Сонымен, жоғарыда көрсетілген тармақта, стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын және бағыттарын бөлу кәсіпкерлік субъектілердің өтінімдері бойынша жүзеге асырылады және жергілікті атқарушы органдар оны конкурстық негізде өткізеді. Конкурс, өтінімдер қабылдау шарттарын, бөлінетін орындар санын, орналасқан орнын, бағыттарын, бөлінетін алаңды, орналасу кезеңін жергілікті атқарушы органдар өздерінің ресми сайттарында конкурс өткізгенге дейін күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей жариялайды делінген.

Кәсіпкерлер Палатасы «павильондарға арналған жер учаскелерін 2022 жылы Қаратау қаласының әкімдігі адами факторға байланысты конкурс өткізбей берген, яғни Ережедегі өзгерістерді ескермеген» – деп санайды.

«Кәсіпкерлер тарапынан жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдалану бөлігінде заң бұзушылықтар жоқ. Осыған байланысты кәсіпкерлерге кәсіпкерлік қызметті жер учаскелерін жалға алу мерзімі аяқталғанға дейін оны ұзартпай және жалдау мерзімі аяқталғаннан кейін әкімдікке қолданыстағы заңнама шеңберінде жер учаскелерін беру рәсімін жүргізуге мүмкіндік беру керек деп санаймыз», – деді өз сөзінде Жамбыл облысы кәсіпкерлер Палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Нұралы Ергебаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер