astana-view

Бір ауыл – бір өнім: Онды ауылында 100 мың жеміс ағашын егу жоспарланып отыр

2024 жылғы 09 Сәуір
- Маңғыстау облысы
4408 просмотров

Маңғыстау ауданы, Онды ауылында «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы аясында 100 мың тал жеміс ағашын егіп, 100 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Онды ауылы 2021 жылы еліміздегі ең үздік 30 ауылдың қатарына кірген. Бұл ауылдағы күрделі әлеуметтік мәселелердің дені өз шешімін тапқан. Онды ауылының тұрғыны, қоғам белсендісі Жәнібек Қожықтың айтуынша, ауылда жұмыссыздық мәселесі бар. Осыған байланысты ауыл тұрғындарының көпшілігі көшіп кеткен.

 "Былтыр Онды кооперативін құрып, 100 гектар жерді қоршадық. Бұл қоршауды салу үшін Өзенмұнайгаз мекемесінің басшысы Нұрдаулет Қилыбай темір берді. "Маңғыстаумұнайгаз" мекемесінің басшылығы оны қоршап берді. Бұдан бөлек 150 тонналық бөшкені сыйға беріп жатыр. Жұмысшылардың демалып, тамақ ішетін жерін "Қаражанбасмұнай мекемесі беріп жатыр,"" - дейді ауыл тұрғыны Жәнібек Қожық.

Маңғыстау тәжірибелік ботаникалық бағының басшысы Ақжүніс Алтайқызының сөзінше, 50 жылдық тарихы бар өңіріміздің ботаникалық бағында мыңдаған өсімдіктер интродукциялық сынақтан өткен. Соның ішінде сәтті өткендері: өрік, қараөрік, алма жемістері. Кеңес Одағы құлаған тұста облысымыздағы мәдени өсімдіктердің көп бөлігі күтім болмай, жоғалып кеткен. Ал сұрыпталған өсімдіктерге күтім болмаса табиғи түрге айналады.

"Мына бастаманы көптен бері ойлап жүретін едім. Кәдімгі өрік бағы ашылса деген арманым орындалған сияқты. Батыс, шығыс Қаратау – суармалы, жеміс ағашын егуге қолайлы жер. Су бар, топырағы құнарлы. Бізде пісте ағашы деген өсімдік бар. Ол Орта Азияның түрі. Біздің ботаникалық бағымызда бар. Бірақ қаншама өнім беретінін біз әзірге айта алмаймыз. Ал енді өрік ағашы өз жемісін төгіп береді," - деді Ақжүніс Алтайқызы.

Онды бағының жұмысы басталғанына бір жыл болған. Осы 1 жыл ішінде 100 гектар жер қоршалып, құдықтар қазылып, трубалар тартылып, ағаш егетін орындар әзірленген.

 "Қазір ауылымызда 167 үй, 904 адам бар. Барлық ауылдарға тән урбанизация процесі қарқынды жүріп жатыр. Адамдарды сақтап, ауылымыздан өндіріс орнын ашсақ деген оймен кооператив құрылып, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа алуды батап жатырмыз. Бұл жұмысымыз осы қарқынмен жүретін болса, биыл мың ағаш, келесі жылы 10 мың, арғы жылдары 100 мың ағашқа дейін егіледі. Осындай бастамалар барлық ауылдарда болса екен деп тілейміз," - деді Онды ауылдық округінің әкімі Қуаныш Жәнібекұлы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер