astana-view

Райымбек және Кеген аудандарында “Бір ауыл - бір өнім” жобасы бойынша жергілікті өнімдердің көрмесі өтті.

2024 жылғы 28 Мамыр
- Алматы облысы
2658 просмотров

Бір ауыл - бір өнім бұл - ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттырып, халықты жұмыспен қамтуға, тұрмыс-тіршілігін жоғарылатуыға бағытталған қолайлы жоба. Атаулы іс-шараға Алматы облысының Атамекен кәсіпкерлер палатасының басшысы Тимур Бекеев пен Іскер әйелдер кеңесінің өкілі Ботабекова Лаззат қатысты.

 

Бір ауыл - бір өнім (БАБӨ) бағдарламасының талаптары бойынша көрмеге жергілікті шикізаттан өндірілген, өз өңірлерінің ерекшеліктерімен айшықталатын тауарлар қойылды. Алғаш болып Райымбек ауданынан наубайхана кәсібін жолға қойған Молдабергенова Фариза өз кондитерлік өнімдерін - тәтті торттары мен рулеттерін, печенье мен нан өнімдерін ұсынды. Оның жасайтын тәттілерінің барлығы «Бір ауыл - бір өнім» бағдарламасына сай ауылдық шикізат өнімдерінен жасалады. Нақтырақ айтсақ, ауылшаруашылық өндірістік «Altyn dan -1» кооперативі ауданда бидай өндіру саласында қарқынды жұмыс істеп келеді. Кооператив 2022 жылы құрылғанымен 2023 жылы өзінің ауылшаруашылық саласын дамытудағы ең жоғарғы потенциалын көрсетті. Молдабергенова Фаризаның жасайтын түрлі тәттілері осы «Altyn dan-1» шығаратын 1-сортты жоғарғы сападағы ұннан, табиғи ауылдық сүт өнімдерінен, жұмыртқаны ауыл тұрғындарынан сатып алып дайындалады.

 

Сондай-ақ, БАБӨ көрмесінде қойылған Амут Фарух өзі өндіретін тұрмысқа қажетті сплиттер кірпіштерінің артықшылықтарын айтты. Ол үй жағдайында жасайтын сплиттер кірпіштерінің құрылымымен толық таныстыра өтті. Атап өтерлігі, шикізаттың 80%-ға жуығы отандық өнім.

 

Сонымен қатар, ұлттық мәдениетіміздің ертеден келе жатқан көрпе тігу салтын заманауи нақышпен өрнектеп, кәсібін дөңгелетіп жүрген кәсіпкерлер де кездесті. Қойдың жүнінен киіздің кейбір түрлері мен иірілген кілемдер, бау-басқұр тоқылып, тұрмыста таптырмас қажетті заттар жасалатыны мәлім. Кеген ауданында өткен көрмеде өнегелі мәдениетімізді жалғастырып әртүрлі қолөнер бұйымдарын жасап жүрген кәсіпкерлер өз бұйымдарымен көрмеге келушілерді тамсандырды. Сұрыпталған бал өнімдерінен жасалған ағзаға пайдалы табиғи сироптар да көрмеге қойылды.

 

«Ауылдардың дамуына жағдай жасап, мықты кәсіпкерлердің діңгегі болу - кәсіпкерлер палатасының аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі болып табылады. Осыған байланысты, облысымыздағы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту және ауылдардың инфрақұрылымын дамыту басты міндетіміз» - деп Алматы облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеев өз ойын  қорытындылай кетті.

 

Бір ауыл - бір өнім әлеуметтік жоба қорытындысы бойынша, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік деңгейін ілгерілету мақсатында жоба жеңімпаздарына маркетингтік сүйемелдеу, өнімді брендтеу мен нарыққа шығаруға қолдау көрсетілетіні айтылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер