astana-view

Алматы облысында “Бір ауыл - бір өнім” көрмесі барлық аудандарда жоғарғы деңгейде өтті

2024 жылғы 14 Маусым
- Алматы облысы
2927 просмотров

“Бір ауыл - бір өнім” “Мен кәсіпкер” құралы аясында құрылған жоба Алматы облысының барлық аудандарында өткен еді. Алғаш болып Жапон елінде бастау алған жоба бүгінгі күні еліміздің экономикасында ауыл инфрақұрылымын дамытуға зор үлесін қосуда.

Алматы облысы “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының жетекшілік етіп, ұйымдастыруымен біршама кәсіпкердің тынысы ашылғандай болды. Себебі, жобада іріктелген қатысушыларға өндіріс технологиясы бойынша оқыту жұмыстары жүргізіліп, өнімді өткізу мен дамыту, тауар белгілері мен сапа стандарттарын әзірлеуге, өндірілген жергілікті өнімді сертификаттауға қолдау көрсетілді. Кәсіпкерлердің айтуынша, жоба әр өңірдің ерекшелігін айқындап, бәсекеге қабілетті, өзіндік “бренд” қалыптастыруға септігін тигізді.

Бүгінгі таңда, Райымбек, Кеген, Еңбекшіқазақ, Балқаш, Қарасай, Жамбыл, Талғар, Ұйғыр аудандарында “Бір ауыл - бір өнім” көрмесі ұйымдастырылды. Жергілікті шикізаттан өндірілетін, өз өңірлерінің ерекшеліктерімен айшықталатын тауарларын ұсынған әрбір аудан бойынша “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеев пен іскер әйелдер кеңесінің өкілі Ботабекова Лаззат әр өңірдің өнімдерімен танысты. Кеше ғана өткен Ұйғыр ауданындағы көрмеде 29 кәсіпкер бой көрсетті.

Осы орайда, Шонжы ауылының кәсіпкерлері көрмеге нан өнімдерін, жартылай фабрикаттар, кондитерлік, сүт өнімдерін ұсынды. Сондай-ақ, пластикалық есік-терезелер, қолдан тігілген аяқ-киімдер, темірден жасалған тұрмысқа қажетті заттар, бетон бұйымдары секілді заттар да кездесті. 

Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп кәсіпкерлік әлеуетін 4 жыл бойы арттырып келген Савирдинов Нуршидин бүгінгі күні бетоннан жасалған бетон сақиналарын өндірумен айналысады. “Бір ауыл - бір өнім” көрмесіне қатыспай тұрып, оған біршама қиындықтармен бетпе-бет келуге тура келгендігін айта кетті. Нуршидин 2020 - жылы отбасылық жағдайлармен Алматы қаласынан Жаркент қаласы, Шонжы ауылына көшіп келген болатын. Дәл сол жылы карантиннің есіріп тұрған кезінде барлық кәсіп өз ісін тоқтатқаны, әрі жолдарға блокпосттар қойылғаны бәрімізге аян. Соған қарамастан, кәсіп ашуға бел буған Нуршидин септикке арналған бетон сақиналарын шығаруды жөн көрген-ді. Диаметрі 1 м болатын бетон сақиналарын құю үшін арнайы вибромашина сатып алып өз кәсібін жүргізе бастаған. 

“Менің көздегенім - қолда бар жергілікті шикізатты пайдалана отыра өнім өндіріп, елдімекендерде үлкен кәсіп ашу, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп, еліме пайдамды тигізу. Кәсібімді ұлғайту үшін бетон сақиналарының 1,5 метрлік түрін өңдейтін вибромашина қажет және оны орнататын арнайы жабдықты (манипулятор) алу үшін де қаражат көзі жеткіліксіз. Менің мақсатым - жобаның финалисті атанып, керекті құралдармен жабдықталған үлкен кәсіпорын ашу” - дейді Нуршидин. Сол себепті де, “Бір ауыл - бір өнім” бағдарламасының 5 млн теңгеге дейін берілетін грантын ұтып алу мүмкіндігіне ие болу үшін тынбай жұмыс жасау үстінде.

Алматы облысының барлық ауданында “Бір ауыл - бір өнім” көрмесі жоғарғы деңгейде өтті. Қанатын кеңге жайған кәсіпкерлік саласында қолға алынған бұл жоба күннен-күнге кәсіпкерлікке деген қызуғышылықты арттырып, кәсіпкерлер санын ұлғайтуда. Бұған қарап алдағы уақытта ауылдағы кәсіпорындар саны көбейіп халықтың жағдайы жақсара түседі деген сенім еріксіз ұялайды. 

“Бір ауыл - бір өнім” жобасының арқасында тұрғындар өз өнімдерін жұртшылықтың назарына ұсынып, жарнаманы жақсы үйлестірді. Қуантарлығы жобаға мүмкіндігі шектеулі жандардың да қатысуы. Айта кетелік, Қарасай ауданында өткен жобаға мүмкіндігі шектеулі жан өзі жасап шығаратын “мопед-арбасымен” халықты тәнті етсе, Талғар ауданының кәсіпкерлері әртүрлі жастағы азаматқа арналған ұлттық киімдерді тігетін кәсіпорынымен, “Көлбастаудың майы” атымен танылған Кеген ауданының кәсіпкерлері жұртшылықты таң қалдырған еді.

Алматы облысының Атамекен кәсіпкерлер палатасының басшысы Тимур Бекеев өз сөзінде: “Ауыл - бұл экономикамыздың діңгегі. Ауылдық инфрақұрылымды дамыту, кәсіпкерлікті жандандыру, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету үшін “Бір ауыл - бір өнім” сынды жобалардың барлығына дерлік қатыса берген жөн. Бір жағынан кәсіпкерлер үшін жақсы тәжірибе болса, екінші жағынан, кәсіпкерлікті дамытуға берілетін гранттың жеңімпазы атануға қолайлы мүмкіндік” - деді.

Расында, бренд-комитеттің шешімімен қаралатын үздік 10 тауар әлі анықталған жоқ. Десе де, жүзден - жүйрік, мыңнан - тұлпар деп танылған қатысушыдан әлі хабардар ететін боламыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер