astana-view

Ресайклинг. Қайта өңдеудің қайтарымы мол

2024 жылғы 05 Шілде
- Шығыс Қазақстан облысы
6768 просмотров

Эко-белсенді, өскемендік волонтер Людмила Евженкова 10 жылдан астам уақыт бойы экология саласында волонтерлік қызметпен айналысады, сенбіліктер ұйымдастырып, қалдықтарды сұрыптайды.

Ол шикізатты қайта өңдеумен айналысады. Қолданылған шыныларды қайта өңдеп, тұрмыста пайдаға асатын өнімдер дайындайды.

«Қазақстанда жыл сайын бір миллиардқа жуық шыны бөтелке өндірілетінін және оның тек 2-3 пайызы ғана қайта өңделетінін білгенде біраз налығаным бар. Себебі шыны қайта өңдеуге жататын шикізаттың бірі, ал біз оны қоқысқа тастаймыз. Осы тенденцияны өзгертуге деген ұмтылыс қайта өңдеу идеясын тудырды», - дейді ол.

Осылайша, Қазақстанда шыны мен керамиканы қолмен өңдейтін алғашқы «КВАРЦ» бренді пайда болды. Бұл балқымасыз экологиялық таза әрі өнімді қайта өңдеу мүмкіндігі бар технология.

«Қолмен өңдеу әдісі эпоксидті шайырмен, қатайтқышпен құйылған және әртүрлі пішіндегі және функционалды мақсаттағы бұйымдарды алатын шыныны пайдалануды қамтиды», - деп бөлісті Людмила Евженкова.

Сонымен бірге ол толығымен қауіпсіз материалдар жоқ екенін тілге тиек етті. Эпоксидті қатаю реакциясы аяқталғанға дейін зиянды заттарды бөліп шығарады. Сондықтан респиратордың болуы шарт. Арнайы қолғап, көзілдірік, киіммен қамтамасыз етіліп, шеберхана арнайы сорғышпен жабдықталғанын жеткізді.

«Алайда қатты күйде эпоксид зиянсыз. Ол медициналық бұйымдар мен олардың бөлшектерін жабу, тығыздау және оқшаулау үшін қолданылады. Шайырдың көмегімен қазір тіпті ыдыс - аяқ жасалады», - дейді Людмила.

Кәсіпкердің ассортиментінде кәдесый өнімдері, сабын қоятын ыдыстар, органайзер, диспенсерлер, шам қоятын ыдыстар сияқты 20-дан астам түрі бар. Тауарлар каталогы үнемі толықтырылып отырады және авторлық қалыптар жасалуда.

Өз сөзінде кәсіпкер бұйымдардың кең таралып жатқанын атап өтті. Жоспарда маркетплейске шығу және толыққанды бөлім ашу бар екенін жеткізді.

Әзірге бренд қалыптасу кезеңінде. ШҚО кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта бизнестің ауқымды дамитынына сенімді.

Естеріңізге сала кетейік, ШҚО кәсіпкерлер палатасы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын қолдай отырып, қоршаған ортаны қорғауға әрі сақтауға бағытталған кәсіпкерлердің қызметін насихаттауды жалғастырады.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер