astana-view

ЖД Вокзал кәсіпкерлерінің арыз-шағымдары Кеңес отырысында қаралды

2024 жылғы 29 Тамыз
- Жамбыл облысы
3329 просмотров

Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінде «Қазфосфат» ЖШС-нің қоршаған ортаға эмиссиялар үшін ақы төлеу жөніндегі өтініші қаралды. Ол туралы Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Мейірхан Бекпенбетов баяндады.

«Палата Жамбыл облысының прокуратурасымен бірлесіп қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін, атап айтқанда, «Қазфосфат» ЖШС-і «қауіпті және қауіпті емес» қалдықтарды көмгені үшін бюджетке екі есе төлем мөлшерлемесімен қате төленген 1 976 321 652 теңгені мемлекет тарапынан қайтаруына ықпал етіп бизнес субъектісінің құқығын қорғады. Мәселе оң шешілді»,–деп атап өтті Мейірхан Бекпенбетов.

Келесіде Жамбыл стансасының вокзалында бірыңғай операторды анықтау бойынша өткізілген конкурсқа қатысты кәсіпкерлердің ұжымдық өтініші бойынша сұрақ көтерілді.

Жамбыл стансасы теміржол бекетінің алаңы бойынша бірыңғай операторларды анықтау бойынша конкурс өткізгенге дейін «Қазақстан темір жолы «ҰК» өкілі теміржол бекетінің перронында сауда-саттықпен айналысатын Кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Кездесу барысында, бірыңғай операторларды анықтағаннан кейін, Кәсіпкерлерге жалға беріліп отырған жер учаскелеренің бағасы 1 шаршы метрге қосымша құн салығымен қоса 7451,49 теңгеден аспайтындығы туралы айтылды.

«Қазақстан темір жолы «ҰК» АҚ филиалы – «Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі» директорының орынбасары тарапынан кәсіпкерлерге а.ж. 1 тамызынан бастап мүліктік жалдау шартын бұзу туралы хабарламалар жолданды. Сондай-ақ, өткізілген конкурс жеңімпазы, бірыңғай оператор – «Электра KZ» ЖШС директоры, теміржол бекетінің перронында жер учаскелерін жалға алып сауда-саттықпен айналысатын Кәсіпкерлерге, а.ж. 1 тамызынан бастап жердің жалға алу құны шаршы метріне 17 500 (он жеті мың бес жүз) теңге құрайтыны туралы немесе сауда-саттықпен айналысып отырған алаңын а.ж. 12 тамызына дейін босату туралы хабарлама беріліпті.

«Хабарлама алған уақыттан бастап, жер телімін жалдап отырған екі кәсіпкер жерлерін босатып берді, сонымен қазіргі уақытта екі Кәсіпкер жұмыссыз қалды және ол Кәсіпкерлердің жұмысшылары да жұмыссыз қалды. Сондай-ақ, Палатаға арызданған 13 кәсіпкерер өткізілген конкурстың шарттары мен нәтижесіне алаңдайды. Бірыңғай операторды анықтау бойынша өткізілген конкурста жалғыз қатысушының жеңімпаз деп танылғанын, бұл конкурс бәсекелестіксіз өткізілгенін, яғни басқа қатысушылардың болмағанын кәсіпкерлер айтуда. Алайда, 29.12.2023 жылғы №231-ЦСЖ «Қазақстан темір жолы «Ұлттық компаниясы» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» директорының бұйрығымен бекітілген, теміржол вокзалдарының алаңдарын жалға беру ережесінің 27-тармағына сәйкес, конкурс өтпеген жағдайда барлық жалдау алаңдары бойынша конкурсты ұйымдастырушы осы Қағидада белгіленген тәртіппен қайта конкурс өткізеді делінген. Сондай-ақ, ережеде 1 (жалғыз) қатысушы қатысқан жағдайда жеңімпазды анықтау алгоритмі мен шарттары жоқ, ал Ереженің осы тармақтан басқа конкурстық өтінімдерге қатысты барлық тармақтарында көпше түрде көрсетілген»,–деп түсіндірді Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұралы Ергебаев.

«Қазақстан темір жолы «Ұлттық компаниясы» АҚ «Магистральдық желі дирекциясына» Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы тарапынан бірыңғай оператор «Электра KZ» ЖШС-ң мүлікті/жерді жалға алу мәселесі тұрақтаған уақытқа дейін төлемдер бойынша екі-үш айға кейінге қалдыру туралы хат жолдау, сондай-ақ, «Қазақстан темір жолы «Ұлттық компаниясы» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» және «Электра KZ» ЖШС-і бірыңғай оператор арасында мүлікті/жерді жалға алу бойынша бағаның тұрақтаған уақытқа дейін, екі-үш ай мерзімімен Жамбыл стансасы, теміржол перронында сауда-саттықпен айналысатын кәсіпкерлермен бірыңғай оператор арасында орташа бағамен жер телімдерін жалға алу бойынша келісім шарт жасасуын Кеңес мүшелері ұсынды», – деп қорытындылады Кеңес төрағасы Қыдыралы Оспанов.

Айта кетейік, Кеңес отырысына Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұралы Ергебаев, Жамбыл көлік прокурорының орынбасары Жораев Н., «ЛК» ЖК басшысы Красникова Л., Жамбыл стансасы, теміржол перронында сауда-саттықпен айналысатын кәсіпкерлер, «Қазақстан темір жолы «ҰК» АҚ филиалы – «Жамбыл магистральдық желі Дирекциясы», ЦЖС Экономика жөніндегі Атқарушы директоры Кизатов Е., «Қазақстан темір жолы «ҰК» АҚ филиалы – «Жамбыл магистральдық желі Дирекциясы», ЦЖС вокзал шаруашылығын пайдалану және дамыту жөніндегі Атқарушы директоры Корпебаев Ж., «Электра KZ» ЖШС, бірыңғай оператор өкілі Абильдаев М., «Аталыкова А.» ЖК-басшысы, Жамбыл стансасы, теміржол перронында сауда-саттықпен айналысатын кәсіпкер Аталыкова А. және кеңес мүшелері қатысты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер