astana-view

«Атамекенде» бес миллионға дейінгі гранттың шарттары мен субсидиялау қаражаты талқыланды

2024 жылғы 11 Қыркүйек
- Абай облысы
3599 просмотров

Абай облысының Кәсіпкерлер палатасының алаңында Абай облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы өкілдерінің қатысуымен Іскер әйелдер кеңесінің отырысы өтті. Отырыс барысында мемлекеттік гранттар алуға өтінімдерді қарау жөніндегі комиссияның құрамына Іскер әйелдер кеңесінің бір өкілін енгізу туралы шешім қабылданды.

Хабарлағанымыздай, биылғы жылы гранттар беру шарттары өзгертілді. Ағымдағы деректерге сәйкес, мемлекеттік бағдарламада «Бір ауыл – бір өнім» жобасының биылғы және былтырғы алты финалистері және кәсіпкерлік басқармасы тізілімінде тұрған әлеуметтік кәсіпкерлер қатыса алады. Сондай-ақ, басқарма өкілдерінің айтуынша, жаңа ережеге сәйкес, жеке кәсіпкерлерді немесе ЖШС-ны тіркеу бойынша шектеу қойылмайды.

«Биылғы жылға 105 миллион теңге бөлдік, бес миллион теңгеге дейін грант қарастырылған. Қазір әлеуметтік тізілімде 29 адам бар. 15 қыркүйекке дейін әлеуметтік кәсіпкерлік тізіліміне енуге құжат қабылдау жүргізілуде, қағаз және электронды түрде өткізуге болады. Күздің соңына дейін гранттардың бөлу жайлы жариялаймыз», – дейді жеке кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бөлімінің басшысы Мұрат Мәлікаждар.

Әкімдіктің ресми сайтындағы хабарландыруға сәйкес, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізу үшін құжаттар Абай облысы, Семей қаласы, Бауыржан Момышұлы көшесі, 25 мекенжайы бойынша немесе abay.msb@mail.ru электрондық поштасы арқылы қабылданады. Толық ақпарат бойынша 8 771 905 77 77 (Мұрат Балтабекұлы) нөміріне хабарласыңыз.

Абай облысында субсидияға бөлінген мемлекеттік бюджет тұралы өңірлік кәсіпкерлік басқарма басшысының орынбасары Айбек Рахымбеков түсіндірді.

«2024 жылы субсидиялауға тоғыз миллиард теңге бөлінді, оның сегіз миллиард теңгеге жуығы «Даму» ҚҚ міндеттемелері бойынша ескі несиелерге берілді. Облыс бойынша 950 млн теңге бөлінді. Ақша маусым айына дейін игерілді, қазір «Даму» ҚҚ қосымша қаражат алу үшін бізге өтінім жолдауда, бағдарламаны жалғастыру үшін мәселені мәслихаттың қарауына шығаруды жоспарлап отырмыз. 2025 жылы міндетті түрде бюджет болады, ал 2024 жылғы мәселе әлі шешілген жоқ. Ағымдағы жылдың ақпан айынан жаңа несиеге 525 млн бөлінді. Сәуір айында қосымша 320 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат жеткіліксіз болды. Келесі жылға 500 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған», — деді Айбек Рахымбеков.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер