astana-view

Абай облысының төрт БАБӨ финалисті: дәстүрлі қолөнер және қоршаған ортаны қорғау

2024 жылғы 07 Қазан
- Абай облысы
2059 просмотров

Көрме мен өңірлік бренд-комитеттің отырысын қорытындылай келе, Абай облысының Кәсіпкерлер палатасы биылғы жылғы «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистерінің есімдерін қуана жариялайды.

«Мен кәсіпкер» 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында Семейде Абай облысы кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Бір ауыл – бір өнім» көрме-жәрмеңкесі өтті. Көрме және жұмыс тобы отырысының қорытындысы бойынша 21 қатысушы арасынан жартылай финалға 10 үміткер іріктелді. Олардың жобалары өңірлік бренд-комитеттің отырысында қаралып, нәтижесінде төрт үздік жоба республикалық және халықаралық көрмелерге қатысуға, бизнесті бастау мен дамытуға бес млн теңгеге дейін мемлекеттік грант алу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен бірге, электрондық коммерцияны оқыту, өнімнің тұсаукесерлерін ұйымдастыру, бизнесті өркендету жөнінде ұсынымдар беріліп, толық маркетингтік сүйемелдеуге ие болды.  

Айта кетейік, биылғы жылы кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік грантқа БАБӨ жобасының барлық финалистері – биылғы және өткен жылғы – және Кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасының тізіліміне енгізілген әлеуметтік кәсіпкерлер қатыса алады.

«Бір ауыл – бір өнім» – Кәсіпкерлер палатасының JICA халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жапондық агенттігімен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жоба. Біз Қырғызстанға тәжірибе алмасуға бардық, бұл жоба онда 15 жылдан астам дамып келеді және қазірдің өзінде өте жоғары деңгейге жеткен. Бүгінгі таңда Қырғызстандағы БАБӨ жобасының өнімдері жоғары сапалы, қымбат және сұранысқа ие бренд болып табылады. Бұл ретте жапондық тарап жобаның дамуына жан-жақты үлес қосады: тамақ рецептерін ұсынады, маркетинг жүргізеді, қаптама ойластырады, техникалық карталарды шығарады, сатуға көмектеседі және өзі белсенді түрде сатып алады, өйткені органикалық заттар ол жақта өте жоғары бағаланады. Абай облысында жәрмеңкені екінші жыл өткізіп жатырмыз, біз әлі бастапқы сатыдамыз, бірақ басқа елдердің тәжірибесіне қарайтын болсақ, жобаның әлеуеті зор деп айта аламын», - деді Абай облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Мақсат Суйчинов.

Финалға өткен төрттіктің бірі – ағаштан жасалған бұйымдары туристердің қызығушылығын тудырған, кәсіпкерлік әлеуеті бар семейлік халық шебері Айдар Елубаев. Білікті ұста мектепте «Еңбек» пәнінен сабақ беріп, ұлттық музыкалық аспаптарды, ескі көліктерді және басқа да ерекше кәдесыйларды жасайды.

«Мен 30 жылдай қолөнермен айналысамын. Алғашында бұл хобби болды, кейін сұраныс пайда болып, өз тауарларымды көрмелерде сата бастадым, әртүрлі кәдесый дүкендерінен, Мәскеуден коммерциялық ұсыныстар келе бастады. Бірақ жалғыз үлгермеймін. Кәсібімді бизнеске айналдыру үшін мен өз жұмысымды автоматтандыруым керек – жабдықтар, станоктар сатып алу керек. Сондай-ақ, менің басымды жоспарларым – балаларды кәсіби оқыту – 50-ден ассамда мен көрмелердегі ең жас шебермін», - деп бөлісті БАБӨ жобасының финалисті Айдар Елубаев.

Финалға нарықта «Адал Ас» атымен танымал жеке кәсіпкер Раушан Мұхажанованың командасы да өтті. Естеріңізге сала кетейік, 15 жылдық тәжірибесі бар кәсіпорын 100-ден астам өнім түрін шығарып, қала мен республикадан тыс жерлерде танымал. Көрмеде технологтар адам ағзасын тазартып, иммунитетті жақсартатын нарықтағы пайдалы жаңа өнім – Astal коктейльін ұсынды.

«Біздің өнім ешқандай аппаратсыз тек қолдан жасалған таза халал. Тауарларымыздың бәрінде сертификат бар, әртүрлі зерттеулерден өткенбіз, өніміміз екі рет Алматы техногиялық университетінде, екі рет біздің Алихан Бокейхан университетінде зерттеуден өткен, қазіргі таңда медициналық университетте өтіп жатыр. Болшақта Astal өнімін студентер дипломдық жоба ретінде алса, және де оны шетелге танымал етсе деген ой бар», – деп тамақ технологы Әдемі Ақылқожа өз фирмасы жайлы айтып берді.

Жобаның тағы бір жарқын жеңімпазы – көңнен көмір, шашлык көмір, брикет және өңделген мал азығын жасайтын жеке кәсіпкер Мақсат Көшебаев. Абай облысы, Ақсуат ауданы, Екпін ауылының тұрғыны іс жүзінде экологиялық отынның жаңа түрін ойлап тауып, тіпті арнайы станок жасады.

«Мақсат Көшебаев БАБӨ жобасына екінші жыл қатысып жатыр. Өткен жылы ол жартылай финалдың үздік ондығына кірді. Бұл жасыл технологияның жарқын мысалы – қалдықтарды өңдеу, қайта өңделген материалдарды пайдалану, улы шығарындылардың аздығы», – деді Абай облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Мақсат Суйчинов.

Гүлмира Айғожина – киіз бұйымдарын өңдеуге маманданған кәсіпкерлік әлеуеті бар Семей тұрғыны. Қолөнер бренд-комитеттің жоғары бағасына ие болып, жобаның төртінші финалисті атанды. Ол ұлттық нақыштағы кілемдер, бас киімдер, орамалдар түрінде табиғи бұйымдарды жасайды. Гүлмира Айғожина балалар үйінде қосымша білім беру пәнінің мұғалімі ретінде қызмет етіп, өскелең ұрпақты өнерге, өз халқының салт-дәстүріне деген сүйіспеншілікке баулуда.

«Мен жұмыссыздар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға да өз ісімді үйретіп, табыс табуға көмектесемін. Болашақта кәсіпті кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отырмын. Біз қолмен жұмыс істейміз, бірақ өндірісті жеңілдететін және тездететін қолайлы жабдықтар бар, алайда мен үшін қазір тым қымбат. Маған сондай-ақ бизнесті дамыту үшін тиісті орын қажет», – дейді БАБӨ жобасының финалисті Гүлмира Айғожина.

Естеріңізге сала кетейік, «БАБӨ» компоненті «Мен Кәсіпкер» кәсіпкерлік әлеуетін дамыту» құралының бағыттарының бірі болып табылады. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттыру, олардың әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін жақсарту, сондай-ақ жас кәсіпкерлердің нарықтарын кеңейтуге және экспортқа шығуға қолдау көрсету. «БАБӨ» қатысушыларының айрықша ерекшелігі – жергілікті шикізаттан жасалған өнімнің бірегейлігі. Жоба жаңа бастаған кәсіпкерлердің өсуіне серпін беріп, жұмыс орындарын ашып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға септігін тигізеді. Айта кету керек, жобаға шағын кәсіпкерлік субъектілері де, кәсіпкерлік әлеуеті бар жеке тұлғалар да қатысты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер