Жаңа рейстер мен қолжетімді билеттер: Қазақстанда 2025 жылғы туризм қандай болмақ?
Келер жылы Қазақстанда 23 авиамаршрутты субсидиялау жоспарлануда. Бұл туралы ҰКП алаңында Азаматтық авиация комитеті мен Туризм және спорт министрлігінің өкілдері хабарлады.
«Атамекен» ҰКП ұйымдастырған кездесуде рейс тапшылығы кездесетін Түркістанның туристік кластеріне назар аударылды. Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев шағын авиацияны дамыту ведомство үшін басым бағыттардың бірі болып табылатынын және субсидиялау құралы неғұрлым тиімді регламенттелуге тиіс екенін атап өтті.
«Түркістанға түркі әлемінің астанасы және туристік дестинация ретінде салынған ресурстар рейстердің болмауына байланысты ақталмайды. Өңірдің дамуына қомақты инвестиция салғанына қарамастан, көлікке қолжетімділік мәселесі оның туристік әлеуетін тежеп отыр», - деді вице-министр.
Мәселен, 2025 жылға қарай Түркістанға субсидияланатын бес рейсті енгізу, сондай-ақ «Flyarystan» әуекомпаниясының коммерциялық рейстерін қосу жоспарланған. Сонымен қатар, Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, үш жаңа әуежай салу бойынша дайындық жұмыстары басталып, еліміздің 8 әуежайы жаңартылды. Бұл еліміздің көлік инфрақұрылымын жақсарту үшін маңызды қадам болмақ, деп атап өтті ведомствода.
Жиын барысында Балқаш және Үржар курорттарының туристік маусым кезінде орын алған қиындықтары айтылды. Алдын ала брондалған нөмірлерге қарамастан, әуе билеттерінің қымбат бағасы туристердің едәуір бөлігінің азаюына әкеп соқты.
«Курорттық аймақтарға көлікпен жету мүмкіндігі әрдайым басты назарда. Биыл Балқаш-Алматы, Балқаш–Астана, Үржар-Астана, Астана-Үшарал бағыттары бойынша субсидияланатын авиарейстерді орындауға конкурс өткізілмей, аталған бағыттар бойынша коммерциялық рейстер жасалды. Бірақ рейстерді субсидиялау – мемлекеттік қолдаудың маңызды шараларының бірі. Президент туристік дестинацияларды дамытуға ерекше назар аударды», - деді ҰКП Төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков.
Мәселен, жағдайды жақсарту үшін 2025 жылы 6,4 млрд теңгеге 22 бағытты, оның ішінде 9 туристік бағытты субсидиялау жоспарлануда, деп хабарлады Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті. Үкіметтің тапсырмасы бойынша Ақтауға басқа облыс орталықтарынан рейстерді ұлғайту бойынша шаралар қарастырылуда. Биыл рейстер саны аптасына 115-тен 137-ге дейін өсті.
Көлік министрлігінің дерегі бойынша, биыл жолаушылар ағыны COVID дейінгі кезеңмен салыстырғанда 50%-дан астамы қалпына келген. Тек 8 айдың ішінде 9,3 млн жолаушы тасымалданды. Алты қазақстандық авиакомпания 50 ішкі маршрутты орындады, оның 22-сі субсидияланған.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: