«Бір ауыл – бір өнім» жобасы: Алматы облысында бренд-комитет үздік үштікті анықтады
Алматы облысында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында бренд-комитеттің отырысы өтті. Бұл жоба ауылдық инфрақұрылымды дамыту, жұмыссыздықты жою және халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында іске асырылуда.
Отырысқа Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасының экономикалық сұрақтар бойынша директор орынбасары Ержан Дуйсекенов, Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляззат Ботабекова, туризм салалық кеңесінің төрағасы Сункар Искаков, Байсаев Адам, «Даму» кәсіпкерлік АҚ директорының орынбасары Слямов Аслан, Ауылшаруашылықты басқару бойынша салалық кеңесінің өкілі Молдатаев Олжас, ҚР МТИ Алматы облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының бас маманы Сулейменов Исламбек және тағы басқа сарапшылар қатысты. Сонымен қатар, «Жетісу» телерадио телекомпаниясының басқарушысы Жазира Исаева үздік үштікті анықтауға әділ төрелік етті.
Естеріңізде болса, тамыз айында Қонаев қаласының орталық алаңында «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі өткізілген болатын. Көрмеге 80-ге жуық кәсіпкер қатысқан болатын. Онда ауылдық жерлердегі кәсіпкерлердің қолынан шыққан өнімдер қаралып, 10 үміткердің өнімдері іріктелді.
Көрме-жәрмеңкеде үздік деп танылған кәсіпкерлердің арасында киіз үй жасаушы Нұрбол Тауан, балдан сабын өндіруші Назира Чукенова, қолөнер шебері Нұржұма Әділбай, тігін шеберханасының иесі Женисгуль Даулетова, тәттілер пісіретін Фариза Молдабергенова, тері суретшісі Дулат Раимбеков, қымыз, құрт, сары май өнідруші «Көлбастаудың майы» деп облыста өз тұрақты тұтынушылары бар Ұлан Бектұрсын, бал өндіруші Павел Коновалов, және киізден бұйымдар жасайтын Сауле Бозумова ағаштан заманауи киіз үй шамдарын, тасқа әртүрлі сурет салумен айналысатын Құрманбай Ұлбосын бар.
Бренд-комитеттің басты талабы – өнімнің жергілікті болуы және сапалы бірегей өнімдерді өндіру. Әрбір кәсіпкер жеке өнімдерін шығару идеяларын баяндап, аймақтың ерекшеліктерін танытуға тырысты.
Ержан Дуйсекенов кәсіпкерлер палатасының рөлі туралы айтты: «Біз «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қатысушыларына өндірісті кеңейту, экспортқа шығу, сертификаттау мен маркетингтік қолдау көрсету үшін қолдау білдіреміз. Жобаның мақсаты – жергілікті өнімді дамыту болғандықтан, Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге құқықтық, консультативтік, бизнесті дамыту бойынша қолдау көрсететініне кепілдік береді».
Бренд-комитет талаптарға сай әрбір кәсіпкердің өнімін бағалап, қорытынды мәлімдеме шығарды. Республикалық байқауға облыстың атынан Чукенова Назира, Молдабергенова Фариза және Даулетова Женисгуль өңірлік өнімдерді ұсынатын болады.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы – кәсіпкерлікті дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру және жергілікті өнімдерді насихаттау үшін үлкен мүмкіндік. Алматы облысының кәсіпкерлер палатасы осы бағытта белсенді жұмыс істеп, кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге дайын.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: