astana-view

ҰКП-да Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара маңы туризмінің дамуы талқыланды

2024 жылғы 28 Қазан
2813 просмотров

Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара маңы туризмін, сондай-ақ Қытайдағы Қазақстанның туризмі жылының аясында 21-24 қазан аралығында ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Тачэн округі делегациясының (ҚХР ШҰАА) Қазақстанға сапары болды.

Қытай делегациясының бизнес өкілдерімен және мемлекеттік уәкілетті органдармен бірқатар кездесулері Астана, Алматы және Семей қалаларында өңірлік кәсіпкерлер палаталары мен «Атамекен» ҰКП Орталық аппаратының алаңында ұйымдастырылды.

Мәселен, 21 қазанда Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының алаңында делегацияның қатысуымен жергілікті турбизнеспен В2В кездесулер өтті. Онда туризм, сәулет, өнеркәсіп және сауда саласындағы түрлі жобалар талқыланды. Келіссөздер қорытындысы бойынша «Xinjiang China Travel Service Co» компаниясының Тачэн филиалы мен «Тұран Қазақстан Тревел» ЖШС қазақстандық туристік компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

Осындай кездесу Семей қаласында 22 қазанда Абай облысының кәсіпкерлер палатасының алаңында да ұйымдастырылған болатын. Негізгі тақырыптардың бірі Мақаншы ауданында туристік ағымды арттыру үшін «Бақты» БӨП жаяу жүргіншілер өткелін тезірек ашу қажеттілігі болды. Екі тарап әрі қарай ынтымақтастыққа және бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендіктерін білдірді.

24 қазанда «Атамекен» ҰКП алаңында делегацияның ҚР Туризм және спорт министрлігі, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы, Астана қаласын дамыту орталығы, туристік және бизнес-қауымдастықпен қорытынды кездесуі өтті. Кездесу екі елдің туристік секторын дамытуға бағытталған бастамаларды іске асырудағы маңызды қадам болды.

«Атамекен» ҰКП Басқарушы директор – Туризм департаментінің директоры Дамиля Құнанова ҚР Президенті 2024 жылды «Қытайдағы Қазақстанның туризмі жылы» деп жариялағанын атап өтті. 

«Бүгінгі кездесуіміздің мақсаты – өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыру, туристік секторды одан әрі дамыту үшін ұсыныстар әзірлеу және туристік ағындарды ұлғайту», - деп атап өтті Дамиля Құнанова.

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы басқармасының атынан сөз сөйлеген Асан Жәкішев өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымның 30%-ға өскенін жеткізді. Бүгінде Қазақстанда туристік жобаларды қоса алғанда, 90-нан астам бірлескен жоба іске асырылуда.

Өз кезегінде, Тачэн округінің өкілі Жарқын Жамбырбай туризм саласындағы шекара маңындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Еуразиялық туризм қауымдастығының президенті Рысты Қарабаева Қазақстан мен Қытай арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімді еске салып, бұл елдер арасындағы туристік алмасуды жандандыруға жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді. Спикер елорданың 70 туристік нысаны, 272 қонақ үйі, 2 мыңнан астам қоғамдық тамақтану орны, 45 саябағы мен гүлзарлары бар қонақжайлылығын атап өтті.

Астана қаласында өткен В2В кездесулерінің қорытындысы бойынша қазақстандық «АСКА-tour» турфирмасы мен қытайлық «Xinjiang China Travel Service Co, Ltd» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар Астана қаласын дамыту орталығы мен «Чжуоюань» Шыңжаң құрылыс-монтаждау компаниясының инвесторлары арасында ынтымақтастық ниеттері туралы келіссөздер жүргізілді.

Кездесу соңында ҰКП және Сыртқы сауда палатсы Тачэн ШҰАА округінің компанияларына серіктестер іздеуге, B2B және B2G форматтарындағы кездесулерді ұйымдастыруға, сондай-ақ экономиканың өсуіне ғана емес, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал ететін іс-шараларды өткізуге дайын екендіктерін білдірді.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 29 ақпанында Үрімші қаласында (ҚХР) «Атамекен» ҰКП бастамасымен ұйымдастырылған Қазақстан мен ҚХР ШҰАА шекара маңы туризмін дамыту бойынша алғашқы форум өтті. Тачэн округі делегациясының (ҚХР ШҰАА) сапары Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара маңы туризмін дамыту аясындағы бірқатар іс-шаралардың жалғасы болып табылады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер