astana-view

Геодезия нарығында адал бәсекелестік орнаған ба?

2024 жылғы 31 Қазан
5735 просмотров

Қазақстанның геодезиялық және картографиялық жұмыс нарығында ашық бәсекелестік орнамаған деп есептейді Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы компаниялар қауымдастығының қатысушылары.

Мысал ретінде, сарапшылардың пікірінше «Мемқалақұрылыскадастры» РМК үшін ерекше жағдайлар жасалып, басқа қатысушылар үшін тең емес жағдайға әкеп соққан. Қолданыстағы нормативтік құқықтық актілер «Мемқалақұрылыскадастры»  инженерлік-геодезиялық және топографиялық жұмыстарды орындау, сондай-ақ мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу үшін қашықтықтан зондтау деректерін өңдеу кезінде елеулі артықшылықтар береді.   

Мұны қауымдастық ұсынған талдауға сәйкес тек 2021-2023 жылдар аралығында «Мемқалақұрылыскадастры» жергілікті атқарушы органдармен 10 млрд теңгеден астам сомаға (ашық көздерден алынған деректер) 116 келісімшарт жасасқан. Бұл шарттар бәсекелестік тендерлерді айналып өтіп, бір көзден алу тәсілімен жасалған модель бойынша ресімделді. Бұл мемлекеттік компанияға жеке фирмалардың қатысуынсыз топогеодезиялық жұмыстарды (инженерлік желілерді түгендеу) орындауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, «Мемқалақұрылыскадастры» РМК мемлекеттік тапсырма аясында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс істері және ТКШ комитетінен 6 млрд теңгеден астам қаражат алған.

Қалыптасқан жағдайға байланысты бес жылдан астам уақыт бойы жеке компаниялар негізгі мемлекеттік тапсырыстар үшін елдімекендердің инженерлік желілерін түгендеу аясында топогеодезиялық және картографиялық қызметтер көрсету мүмкіндігінен айырылды.

«Геодезиялық, картографиялық жұмыстар және қала құрылысы кадастры үшін Жерді зондтау деректерін өңдеу Кәсіпкерлік кодекс пен «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңы талап ететіндей, мемлекеттік компаниялар үшін преференцияларды қоспағанда, бәсекелестік негізде көрсетілуі тиіс», - деп есептейді Қауымдастық Кеңесінің басшысы Нұрған Кемербаев.

«Мемқалақұрылыскадастры» кәсіпорнының үстем жағдайына ерекше назар аударылады. Өйткені ол сапаны тәуелсіз бақылаусыз топогеодезиялық жұмыстарды жүргізіп, еш «ескертусіз» өз нәтижелерін тексереді әрі қабылдайды. Осылайша, тұтынушыларды бірінші кезекте топогеодезиялық жұмыстардың қызметтері үшін РМК-ға жүгінуге ынталандыру үшін жағдайлар жасалады.

Сонымен қатар қолданыстағы НҚА жеке компанияларды өз жұмыстарының нәтижелерін МҚҚК ААЖ жүйесінде тіркеу үшін «Мемқалақұрылыскадастры» кәсіпорнына беруге міндеттейді. Онда оларды тексеру ақылы негізде әрі бас тарту құқығымен өтеді. Бұл ретте  бизнестен түскен материалдарды болашақта кәсіпорын өз мүдделері үшін еркін әрі өтеусіз қолдана алады. Сөйтіп олардың геодезиялық қызметінің өзіндік құнын төмендетеді.

Осыған байланысты, ҰКП қауымдастықпен бірлесіп, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне «Мемқалақұрылыскадастры» РМК қызметіне бәсекелестікті қорғау туралы заңнаманы бұзушылықтар тұрғысынан талдау жүргізуді сұрады. Сондай-ақ, қолданыстағы нормативтік актілерге өзгерістер енгізу туралы ұсыныспен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сұрау салынды. ҰКП мен қауымдастықтың ұстанымын мемлекеттік орган қолдамады, алайда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бизнестің жағына шығып, мәселені кедергілер жөніндегі Кеңестің талқылауына шығарды. Топогеодезиялық жұмыстар нарығында тең бәсекелестік үшін әкімшілік кедергілер тудыратын нормаларды заңға тәуелді актілерден жою қажеттілігі туралы дәлелдерді кеңес мүшелері қолдағанын атап өткен жөн.

Қауымдастық Мәжілістегі Құрылыс кодексінің жобасына түзетулер енгізу арқылы мәселені шешуді ұсынады. Атап айтқанда, депутаттардың қолдауына үміт білдіріп, құрылыс нысандарын тапсыру кезінде монополияны алып тастауға шақырады.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Дана Жараспаева бүгінде Қазақстандағы геодезиялық және картографиялық қызметтер нарығы дамудың жоғары деңгейімен және қатаң бәсекелестікпен ерекшеленетінін атап өтті.

«Бұл салада 600-ден астам компания жұмыс істейді. Олар түрлі күрделіліктегі геодезиялық және картографиялық қызметтерді көрсете отырып, даму үшін жоғары әлеуетке ие. Қызметтер мемлекеттік және жергілікті, сондай - ақ ірі, орта және жеке кәсіпорындар үшін сұранысқа ие», - деп атап өтті сарапшы.

Ұлттық палатаның мәлімдеуінше, саладағы жұмыс сапасының жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік реттеу жүйесі аясында заманауи пысықталған нормативтік техникалық және нормативтік құқықтық құжаттарды енгізу қажет. Бұл өз кезегінде бүкіл геодезиялық салаға деген сенімділікті арттыруы тиіс.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер