astana-view

Алматыда жұмысшы мамандықтарын дамыту мүмкіндіктері талқыланды

2025 жылғы 07 Ақпан
- Алматы қаласы
310 просмотров

Дереккөз: Алматы қаласының «Атамекен» ӨКП

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Алматы туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжінде «Қазіргі жағдайдағы әлеуметтік әріптестік: мүмкіндіктер мен перспективалар» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті. Іс-шараға салалық қауымдастықтардың өкілдері, әлеуметтік серіктестер, соның ішінде бизнес-кәсіпорындар мен «Атамекен» өңірлік палатасы қатысты.

Алматы қаласының кәсіпкерлер Палатасы қала кәсіптік оқу орындарымен және кәсіпорындарымен белсенді ынтымақтастықта іскерлік байланыс орнатты. Қазіргі уақытта көптеген жеке компаниялар инженерлер, техниктер және орта буын басшылары сияқты әртүрлі салаларда білікті мамандарға мұқтаж. Кәсіпорындар үшін дуальды білім беру жүйесі олардың талаптарына сәйкес келетін кадрларды даярлаудың тамаша мүмкіндігі болып табылады.

Алматы кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің жетекші сарапшысы Толқын Әбілдаева Алматыда дуальды білім берудің жол картасын іске асыру туралы айтып берді.

«2014 жылдан бастап Алматы кәсіпкерлер палатасы дуальды оқыту бойынша шарттардың тізілімін жүргізеді. Оны жүйелі жаңартып отыру мақсатында колледждер мен кәсіпорындардан өтінімдер қабылдайды. Сол өтінімдер негізінде дуальды оқытудың жол картасы мен шарттар тізілімі қалыптастырылып, білім басқармасымен келісе бекітіледі. 2024-2025 оқу жылында дуальды білім беру жүйесімен қаланың 51 колледжі мен 700 кәсіпорны қамтылды. Бүгінгі таңда 19 288 үшжақты келісім жасалды», - деп Әбілдаева мәлімдеді.

Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжі дуальды оқыту жүйесін 2014 жылдан бастап алғашқылар қатарында енгізген. Қазіргі уақытта колледж әлеуметтік серіктестік және дуальды білім беру аясында 300-ден астам кәсіпорынмен ынтымақтастық орнатты.

Бес жыл бойы оқу орнында «Жас маман» құзыреттілік орталығы жұмыс істеп келеді, онда студенттер мамандықтардың бастапқы дағдыларымен қатар жаңа дәуірлік жабдықтарды қолдануды үйренеді. Заманауи техниканы меңгере отырып, олар әлемнің кез келген елінде біліктілігін арттыруға мүмкіндік алады.

Оқу орнында «Скиф Трейд» ЖШС-мен ынтымақтастықта кәсіпкерлік дағдылар қалыптастыру интерактивті орталығы ашылды. Іс-шараға қатысушыларға өнімді тәжірибенің маңызды бөлігі болып табылатын осы алаңда өткізілетін шеберлік сыныптары көрсетілді.

Сонымен қатар, орталық алаңында оқушыларға таныс жағдайда жұмыс берушілермен кездесулер өткізіліп, қала кәсіпорындары үшін кадрларды іріктеу жұмысы жүргізіледі. Бұл студенттердің кәсіби қарым-қатынасқа психологиялық бейімделуіне көп ықпалын тигізеді.\

Жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде кәсіпкерлер палатасы Алматы қаласының білім басқармасымен бірлесіп, оқу орындары мен бизнес субъектілерін тарта отырып, кәсіптік бағдар беру және өнімді тәжірибені ілгерілетуге бағытталған жыл бойы жүзеге асатын 30-дан астам ауқымды іс-шаралар жоспарын әзірледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер