astana-view

Атыраулық кәсіпкерлер үкімет өкілдері алдында салық реформасы бойынша өз ұсыныстарын айтты

2025 жылғы 14 Ақпан
- Атырау облысы
4013 просмотров

Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің алаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов және Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің қатысуымен кеңес өтті.

Шараға жергілікті атқарушы органдардың, мәслихаттардың, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының және кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдері қатысты. Барлығы 100-ге жуық кәсіпкер болды.

Талқылаудың негізгі тақырыбы – салық реформасы, атап айтқанда, салық жүйесіндегі өзгерістер, оның ішінде, ҚҚС мөлшерлемесін арттыру және сараланған тәсілді енгізу болды.

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков өз сөзінде Үкіметтің ҚҚС базалық ставкасын 16 пайыз деңгейінде белгілеу, бірқатар басым салалар үшін 10 пайыздық төмендетілген мөлшерлеме енгізу және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді салықтан босату туралы ұсынысымен таныстырды.

Сонымен қатар, ҚҚС бойынша тіркеу шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендету және қолданыстағы арнаулы салық режимдерін реформалау ұсынылады. 

Бауыржан Омарбеков салық реформасының нәтижесінде бюджет түсімдерінің артуы мемлекет алдында тұрған даму міндеттерін шешуге, Ұлттық қордан қаражат алуды шектеуге, мемлекеттік қарызды және оған жұмсалатын шығыстарды қысқартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер өз пікірлерін айтып, бизнеске жүктеменің артуы мүмкін деген алаңдаушылықтарын білдірді. Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік және салалық кеңес мүшелері бизнес үшін тәуекелдерді барынша азайтуға және салық жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар ұсыныстар жасады.

«Біз бұл фискалдық саясат түріндегі мемлекет үшін қандай артықшылықтар барын анық түсінеміз, бюджет бірден толтырылатынын көріп отырмыз. Баяндамашылар мұның барлығы адам капиталына, инфрақұрылымға, бизнесті қолдауға, қосымша жеңілдіктер мен субсидиялар жасауға инвестицияланатынын айтты. Бұл қаражат бизнесті қолдайтын салаларға салынады. Бұл жерде ескеретін маңызды нәрсе, егер мұның бәрі тек саңылауларды бітеп тастаса, бұл бизнеске теріс әсер етеді. Бірақ барлық бағдарламалар өз деңгейінде жұмыс істесе, мемлекетке де, бизнеске де ұтады», - деп ӨКП Өңірлік кеңес мүшесі, «Саурида Ойл-Газ» ЖШС директоры Ғибрат Сәрсенов өз пікірімен бөлісті.

Үкімет өкілдерінің айтуынша, бүгінде республикалық даму бюджеті небәрі 8 пайызды құрайды. Бұл өте төмен көрсеткіш және оны көтеру өте маңызды. Бұл алдағы реформалардың міндеттерінің бірі.       

ӨКП әйелдер кәсіпкерлігінің салааралық кеңесінің мүшесі, «SAIRAN CONSULTING» ЖШС директоры Шынар Сайран бөлшек салық бойынша бизнес түрлерінің қысқаруы, әсіресе жергілікті шағын бизнеске ауыр тиеді деп есептейді. 

«Біздің облыс мұнайлы, өнеркәсіптік аймақ. Бізде мұнай компанияларына қызмет көрсететін шағын бизнес өкілдері көп. Егер олар бөлшек сауда салығы бойынша жұмыс істей алмаса, олар жалпыға бірдей белгіленген режимге көшуге мәжбүр болады, бұл жеке кәсіпкерлер үшін 10% және ЖШС үшін 20%. Салық ауыртпалығының күрт артуына байланысты кейбіреулер жай ғана өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болады, сондықтан салықтық өзгерістерді барлық нюанстарды ескере отырып, кезең-кезеңімен енгізу қажет», - деді Шынар Сайран.  

Құрылыс және жеке медицина саласының өкілдері де осындай алаңдаушылық білдірді. 

Ал «үй маңындағы дүкендердің» өкілдері ҚҚС мөлшерлемесі көтерілсе, олар да тауарлардың бағасын көтеруге мәжбүр болатынын атап өтті. 

«Біздің облыс Ресеймен шектеседі. Тауарлардың көпшілігі импортталады. Біз ҚҚС төлеуші болмағандықтан, біз төлейтін импортқа ҚҚС тауарларға үстеме бағаға қостық. Енді ҚҚС төлеуші атансақ, үстемеақы мөлшері қайтадан өседі, яғни тауардың құны өседі», - дейді салалық сауда кеңесінің мүшесі, «үй маңындағы дүкендері» серіктестігінің өкілі Ләззат Досмағамбетова.

Отырысты қорытындылаған Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков бұл кездесудің маңыздылығына тоқталды.

«Үкіметтің жұмыс тобы өңірлерде салық реформасын түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Бүгін Атырауда бизнеспен ашық, сындарлы диалог өтті, олардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдадық. Олар реформаны одан әрі талқылауда міндетті түрде ескеріледі. Біздің міндетіміз – процесті кәсіпкерліктің дамуына нұқсан келтірмейтіндей және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін сақтайтындай етіп құру», - деп түйіндеді сөзін Бауыржан Омарбеков.
 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер