astana-view

Ұйғыр ауданында ауыл шаруашылығы көрмесі өтті

2025 жылғы 17 Наурыз
- Алматы облысы
451 просмотров

Ауыл шаруашылығы – Ұйғыр ауданының негізгі салаларының бірі. Еңбекқор шаруалардың маңдай терімен өсірілген өнімдерді елге таныту, жергілікті кәсіпкерлерді қолдау және ұлттық тағамдарды дәріптеу мақсатында Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы Ұйғыр ауданында «Бір ауыл – бір өнім» көрмесін ұйымдастырды.

Бұл көрме – тек өнімдердің сапасын көрсету алаңы ғана емес, сондай-ақ, аудандағы кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының еңбегін бағалап, олардың ауыл шаруашылығына қосқан үлесін насихаттаудың тиімді жолы. Көрме аясында жергілікті шаруалардың табиғи әрі экологиялық таза өнімдері мен ұлттық тағамдардың алуан түрімен таныстырылды.

Көрмеге Шарын, Таскарасу, Бахар, Кыргызсай, Кіші Дихан, Ават, Дардамты, Үлкен Ақсу, Ақтам, Қалжат, Тиірмен, Кетпен секілді ауданның әртүрлі ауылдық округтерінен кәсіпкерлер қатысты. Көрмеге гибридті тұқымдардың түрлері, кептірілген жемістер, жеміс-жидектер, қол өнер (көрпе, жастық т.б.), қолдан тігілген аяқ киімдер, кәдесыйлар, кондитерлік өнімдер, бал өнімдері, балық және ет өнімдері, бидай ұны, жем, кебек, сондай-ақ, жартылай фабрикаттар мен қолдан тігілген әшекей бұйымдар қойылды. Бұл келушілер үшін ауылдың нағыз дәмін сезінуге таптырмас мүмкіндік болды.

Сонымен қатар, ұлттық тағамдар мен дәстүрлі өнімдердің кеңінен ұсынылуы қазақ халқының бай мәдениеті мен асханасын насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін асыл мұраны сақтауға үлкен үлес қосады. Осындай игі бастамалар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға және болашақта ауданның ауыл шаруашылығы әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер