astana-view

Қаланы көгалдандыруды қолдауға бағытталған гүлдер жәрмеңкесі өтті

2025 жылғы 26 Мамыр
- Абай облысы
757 просмотров

Абай облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесі «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында өңір тұрғындарына арналған ерекше форматтағы экологиялық іс-шара – «Қаланы көгалдандыру – салауатты болашаққа үлес» атты гүлдер жәрмеңке-көрмесін өткізді.
Іс-шараның басты мақсаты – қала аумағында көгалдандыру мәдениетін ілгерілету, экологиялық ойлау мен жауапты азаматтық ұстанымды қалыптастыру, сондай-ақ табиғатты аялауға бағытталған қоғамдық сананы нығайту болды.
Жәрмеңке-көрмеге гүл өсірумен және ландшафттық дизайнмен айналысатын 10-ға жуық кәсіпкер қатысты. Келушілер өз аулалары мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруға қажетті кеңестер алып, экологиялық өнімдерді тиімді бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
Іс-шара барысында Абай облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Суйчинов Мақсат Ануарбекұлы және Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әйгерім Акрамқызы сөз сөйлеп, өңірдегі экологиялық мәдениетті дамытудың маңыздылығына тоқталды. Олар мұндай бастамалар қаламыздың көркейіп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Сонымен қатар, жәрмеңке шеңберінде қала тұрғындары мен қонақтарына арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, әуезді ән мен ұлттық би түрлері ұсынылды. Бұл концерттік бағдарлама тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, экологиялық шараның мазмұнын байыта түсті.
Аталған іс-шара – қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақыратын, табиғатты аялаудың маңызын ұғындыратын маңызды алаң болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын тауып, қаладағы көгалдандыру және экологиялық мәдениетті дамыту бағытында жаңа жобалармен толықтырылмақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер