astana-view

Салауатты бизнес: Астанада мидағы ауруларды емдеуге арналған Орталық Азиядағы тұңғыш кешен ашылды

2025 жылғы 31 Мамыр
2228 просмотров

Бүгін Астана қаласында дәстүрлі қытай медицинасы орталығының жаңа корпусының ашылу салтанаты өтті. Бұл кешен мидың ауруларын емдеуге бағытталған интегративті тәсілді қолданатын бірегей жоба ретінде іске асырылды.

Кешен – Орталық Азияда неврологиялық ауруларға, соның ішінде балалар арасындағы аутизм, ДЦП, психо-сөйлеу дамуының кешеуілдеуі, сондай-ақ инсульт пен нейро жарақаттан кейінгі оңалтуға бағытталған алғашқы мекеме. Аталмыш жоба мемлекеттік қолдаусыз, жеке кәсіпкерлік бастамадан бастау алған. Қазіргі таңда халықаралық ауқымға ие болған әлеуметтік маңызы бар жобаға айналды.

«Бұл жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы достықтың символы ғана емес, ерекше балаларға көмек көрсетуге бағытталған жаһандық әлеуметтік бастама. Біз халықаралық стандарттарға сай, жеке көзқараспен, мүмкіндігінше ерте жастан ем алу жүйесін қалыптастырып жатырмыз», – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов ашылу салтанатында.

Бастама – халықаралық денсаулық сақтау ынтымақтастығын дамытуға бағытталған «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасының құрамдас бөлігі.

Орталықтың негізін қалаушы – 35 жылдан астам тәжірибесі бар қазақстандық дәрігер Ерлан Жолдаспай. Негізгі серіктес ретінде Сиань қаласындағы ми ауруларын емдеуге арналған дәстүрлі қытай медицинасы ауруханасы танылды. Бұл ынтымақтастық «Қытай – Орталық Азия» саммиті аясында жасалған келісімдер бойынша іске асырылып, Шэньси провинциясының тиісті құрылымдарымен қолдау тапты.

«Қазақстан мен Қытай арасындағы сенімді қарым-қатынасты ескере отырып, Қытай тарапы бұл бастаманы қолдады. Біз бұл жобаны іске асырғанымызға және балаларымыздың оңалуына үлес қосқаныма қуаныштымын», – деді орталықтың негізін қалаушысы.

Сиань ауруханасынан келген делегация құрамындағы бас дәрігер Сун Хуцзе өз сөзінде дәстүрлі қытай медицинасы мен батыстық медицинаны интеграциялау үлгісі Орталық Азия аймағында кең қолданыс табатынына сенім білдірді.

Жобаның тиімділігін пациенттердің өздері де дәлелдейді. Орал қаласынан келген екі баласы ДЦП диагнозымен тіркелген Динара есімді ана өз әсерімен бөлісті:

«Бірінші 90 күндік курстан кейін ұлым өздігінен тұруды үйренді, ал қызым сөз түсініп, өз есімін естігенде елеңдеуді бастады. Біз үш курстан өттік, бұрынғыдан жағдайымыз жақсарып қалды. Бұл әдіспен тек алға жылжу бар», – деді ол.

Орталық заманауи әдістерді, оның ішінде транскраниалды магнитті стимуляция (ТМС) мен дәстүрлі тәсілдер – ине салу, моксатерапия және емдік массажды біріктіре қолданады. Екі жыл ішінде алғашқы клиникада 30 мыңнан астам пациент ем қабылдады, ал 100-ден астам қазақстандық дәрігер Қытайда тағылымдамадан өтті.

Орталықтың тағы бір ерекшелігі – халықаралық медициналық құрам. Қытай мамандары Қазақстанда ҚХР-да оқып келген дәрігерлермен бірлесе жұмыс істейді. Алдағы уақытта клиникалық база құрылып, болашақ мамандар даярланады. Бұл тек медициналық емес, сонымен қатар экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және білім экспортын дамытуға сеп болады.

Мұндай жобалар экономикалық интеграцияны күшейтеді, медициналық туризм, арнайы қызметтер және технологияны жергіліктендіру салаларында кәсіпкерлік үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Жақын арада Ұлттық Олимпиада комитетімен және жергілікті атқарушы органдармен спортшылар арасындағы жарақаттардың алдын алу бойынша ынтымақтастықты кеңейту және Қытай компаниялары үшін арнайы бағдарламалар жасау жоспарланып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер