Жер пайдалану құқығы бойынша жаңа тәртіп енгізілді: Ақтөбелік кәсіпкерлер арнайы комиссия жұмысы туралы ақпарат алды
Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының аудандық кеңестері қатысқан кеңейтілген отырыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану құқығын жалғастыру жөніндегі арнайы комиссияның жұмысы таныстырылды. Бұл туралы кәсіпкерлерге Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы АӨК бөлімінің басшысы Арман Алдабергенов, облыстық жер қатынастары басқармасы бөлімінің басшысы Иса Сәрсенов және жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Дінсұлтан Мұстафа толық ақпарат берді.
Арман Алдабергеновтің айтуынша, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі С.М. Жұманғариннің 2024 жылғы 20 қарашадағы хаттамалық тапсырмасына сәйкес Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 29 қаңтардағы №30 бұйрығы негізінде әдістемелік ұсынымдар бекітілді. Сонымен қатар әдістемелік ұсынымдар аясында 10 сәуірде облыстық жер қатынастары басқармасының бұйрығымен арнайы комиссия құрылып, құрамы бекітілді. Төрағасы ретінде облыс әкімінің жер қатынастарына жетекшілік ететін орынбасары белгіленді. Комиссия құрамына тиісті басқармалар мен департаменттердің, прокуратура мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің, фермерлік қауымдастықтар мен Кәсіпкерлер палатасының өкілдері енді.
«Комиссияның басты міндеті – заң бұзушылықтарды анықтау емес, нақты шешімдер қабылдау арқылы шаруаларға көмектесу, адал жер пайдаланушылардың мүддесін қорғау көзделген», – деді ол.
Комиссияның алғашқы отырысы 21 мамырда өтті. Облыстың бірқатар аудандарының жер пайдаланушыларының материалдары қаралды.
Айта кетсек, адал жер пайдаланушылар – жерді мақсатты түрде қолданып, салық төлейтін, инвестиция тартып, жергілікті экономиканың дамуына ықпал ететін, тұрғылықты жері мен техникалық базасы бар тұлғалар. Ал жосықсыз жер пайдаланушылар – жерді мүлде пайдаланбайтын немесе заңды бұзып пайдаланатын тұлғалар.
«Адал еңбек иесі қорғалуы тиіс. Ал жерді иемденіп, игермей отырғандармен мемлекет нақты шара қолданады», – деді Дінсұлтан Мұстафа.
Отырыс қорытындысы бойынша жосықсыз пайдаланушылардың тізімі Жер ресурстарын басқару департаментіне жіберіледі. Ал адал пайдаланушылар тізімі – жыл сайынғы мониторингке түсіп, жерді қалай пайдаланып жатқаны тексеріледі.
Бұған дейін пайдаланылмаған жерлерге қатысты материалдар тікелей сотқа жіберілетін. Енді бұл тәжірибе өзгеріп, алдымен арнайы комиссия қарауына ұсынылады. Бұл – фермерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, әділетті шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында кәсіпкерлер өз мәселелерін де көтерді. Қарғалы ауданының омарташысы Александр Сенацкий ара шаруашылығына арналған жер санаты нормативтерде қарастырылмағанын айтып, бұл бағытты ауыл шаруашылығының негізгі саласы ретінде тануды сұрады.
«Бізге ара шаруашылығы заңда нақты көрсетілуі қажет. Қазір бұл – көлеңкеде қалған сала», – деді ол.
Палата директорының орынбасары Руслан Күйшінов бұл мәселені ресми деңгейде көтеру үшін жазбаша өтініш жолдауға кеңес берді.
«Кәсіпкерлер палатасы тарапынан арнайы комиссиясының жұмысын жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар мемлекеттік органдарға жолданатын болды. Нақты шешімдер қабылдау арқылы өңір шаруаларының құқықтары мен мүдделерін қорғау – басты басымдық болып қала бермек. Бұл жаңа тәсіл – заңды бұзбай, шаруашылығын жүргізіп отырған кәсіпкерлерге әділетті жағдай жасауға бағытталған. Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы саласындағы жер қатынастары енді бұрынғыдан да ашық әрі әділ жолмен реттелмек болады деп сенеміз», - деді ӨКП директорының орынбасары.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: