astana-view

Busline төңірегіндегі дау: кәсіпкерлер тең мүмкіндіктер талап етуде

2025 жылғы 03 Шілде
- Астана қаласы
1178 просмотров

Астанада Кәсіпкерлер палатасының алаңында «Көлік және логистика» салалық кеңесінің отырысы өтті. Онда қалалық көлік саясатының ең өзекті мәселелерінің бірі — барлық тасымалдаушылар, соның ішінде жеке кәсіпкерлер үшін арнайы жолақтармен (busline) жүруге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселесі қаралды.

Талқылау бастамашысы ретінде «АПАРУ» ЖШС шықты. Компания уәкілетті органдар тарапынан рұқсат беру рәсіміндегі кемсітушілікке қатысты ресми шағым түсірді. Олардың айтуынша, қазіргі таңда busline-ға қол жеткізу құқығы негізінен таксопарктерге беріледі. Рұқсаттарды дәл осы таксопарктер рәсімдеп, кейін оларды жүргізушілерге ай сайынғы ақыға - 15 000 теңгеге береді. Мұндай жағдай, арызданушылардың пікірінше, Кәсіпкерлік кодексте бекітілген адал бәсекелестік қағидаттарын бұзады және жеке тасымалдаушыларды заңды түрде қалалық көлік инфрақұрылымын пайдалануға мүмкіндігінен айырып, теңсіз жағдайға қояды.

Сонымен қатар, шағымда таксопарктерге қатысы жоқ жеке кәсіпкерлерге рұқсат беруден негізсіз бас тарту мәселесі де қозғалды. Өтініш иелері әкімшілік рәсімдердің жүйелі түрде бұзылып жатқанын, атап айтқанда, өтініш берушіні тыңдау талаптарының сақталмайтынын алға тартып отыр. Бұл жағдай Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске тікелей қайшы келеді.

Талқылау барысында мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастығы мен сарапшылардың өкілдері қолданыстағы тәртіпті қайта қарау қажеттігі жөнінде ортақ пікірге келді. Олардың бағалауы бойынша, қазіргі модель бәсекелестікті шектеп, нарықтың барлық қатысушыларының мүдделерін ескермеуде.

Жеке тасымалдаушылардың қызметін заңдастыру және таксопарктерге тәуелсіз жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергілерді азайту мәселесіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар цифрлық трансформация мен қалалық мобильділіктің өзгеріп жатқан жағдайында шағын тасымалдаушылардың рөлі артып келе жатқанын, ал олардың мүдделерін елемеу - саланың дамуын тежейтінін атап өтті.

Кездесу қорытындысы ретінде барлық тараптардың - мемлекеттік органдардың, бизнестің және қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен талқылауды жалғастыру қажеттігі туралы ортақ түсіністікке қол жеткізілді. Алдағы жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды: нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындау және таксопарктер өкілдерінің қатысуымен жеке кеңес өткізу. Кәсіпкерлер палатасы бұл мәселе салалық кеңестің басты назарында болатынын және транспаренттілік, бәсекелестік пен әділ қолжетімділік қағидаттарын ілгерілету жұмыстары жалғасатынын атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер