astana-view

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында ССП қазақстандық кәсіпкерлердің мүддесін 58 млрд теңгеден астам сомаға қорғады

2025 жылғы 15 Шілде
722 просмотров

2025 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы (ССП) бірқатар сыртқы экономикалық келісімшарттар бойынша форс-мажор жағдайларының туындауын растап, кәсіпкерлердің мүддесін 58 миллиард теңгеден астам сомаға қорғады.

ССП – еңсерілмейтін күш (форс-мажор) жағдайының туындауын растайтын куәліктер беруге уәкілетті ұйым болып табылады. Мұндай құжат қазақстандық компанияларға келісімшарт бойынша міндеттемелерін тараптардың еркінен тыс себептермен орындай алмауын ресми түрде растауға мүмкіндік береді.

Ағымдағы жылдың сәуір айында ССП-ға Алматы облысында бір бөлмелі пәтерлерді сату жобасы бойынша жеткізуші жүгінді. Нысанды қала энергетикалық жүйесіне қосу мүмкіндігінің болмауына байланысты, жеткізуші келісімшарт шарттарын белгіленген мерзімде орындай алмады. Кәсіпкер ССП тарапынан форс-мажор жағдайының туындағанын растайтын куәлік алды. Құжат уәкілетті мемлекеттік органмен негізді деп танылып, нәтижесінде жеткізушіге 40 миллиард теңге көлеміндегі айыппұл төлеу міндетінен босатылды.

2025 жылы тағы бір компания мемлекеттік келісімшарт аясында катер жеткізу міндеттемесін уақытылы орындай алмады. Бұған Италияда орын алған су тасқыны себеп болды – ол негізгі құрамдас бөліктерді жеткізетін зауыттың жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр етті. Жабдықты жеткізу мерзімінің кейінге шегерілуі өндіріс кестесіне әсер етті. Аталған жағдай шетелдік уәкілетті органдармен расталып, Қазақстанның ССП тарапынан да форс-мажор жағдайы ретінде танылды.

Тағы бір компания 2025 жылдың қаңтарында «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ енгізген ресми тыйымдар мен шектеулер салдарынан форс-мажор жағдайына тап болды. Вагондар белгіленген мерзімде тиелгеніне қарамастан, 37 тәулік бойы тиеу орнында тоқтап қалды. Бұл серіктес тарапынан 24,6 млн теңге көлемінде талап қоюға себеп болды. Алайда кешіктіру тапсырыс берушінің кінәсінен емес, ҚТЖ-ның Қытай Халық Республикасына Алтынкөл арқылы бағытталған тасымалдарды шектеу туралы ресми бұйрығына байланысты туындады. Компания ССП-ға жүгініп, ұсынылған құжаттар мен жағдайды талдай келе, ССП бұл жағдайды форс-мажор деп танып, тапсырыс берушіні жауапкершіліктен босатты.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының аумағынан мыс, алюминий, қорғасын, қара металл, пайдаланылған құбырлар, рельстер және басқа да бұйымдарды шығаруға тыйым салынуына байланысты Сыртқы сауда палатасы сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға еске салады: егер бұл тыйымға дейін жасалған келісімшарттарды орындау мүмкін болмаған немесе күрделенген жағдайда, кәсіпорындар форс-мажор жағдайының расталғаны туралы куәлік алу үшін ССП-ға жүгіне алады.

Бұл құжат келісімшарт шарттарын қайта қарауға және қазақстандық бизнестің мүдделерін сотта да, шетелдік серіктестермен келіссөздерде де қорғауға заңды негіз бола алады.

Барлық сұрақтар бойынша: +7 (7172) 47 28 81, +7 708 585 42 81


Еншілес ұйымдар

Серіктестер