astana-view

Кәсіпкерлерге қызметкерлерді міндетті сақтандыру тәртібі түсіндірілді

2025 жылғы 04 Тамыз
- Қызылорда облысы
226 просмотров

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында палата жанындағы салалық және аудандық кеңестерінің бірлескен отырысы өтті. Тақырып – еңбек міндетін атқару кезінде қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру.

Жиынға жұмыс беруші кәсіпкерлер, еңбек инспекциясының және сақтандыру компанияларының өкілдері қатысты.

Шараның мақсаты – жұмыс берушілерге еңбек қауіпсіздігі талаптары мен сақтандыру жүйесіне қатысты заңнамалық өзгерістерді түсіндіру, сондай-ақ жұмыс орнында туындайтын тәуекелдердің алдын алу жолдарын талқылау.

Мамандардың айтуынша, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жұмыс беруші әр қызметкерін өндірістік жарақат немесе өлім жағдайларынан міндетті түрде сақтандыруға тиіс. Бұл сақтандыру түрі қызметкердің еңбек барысында зардап шеккен жағдайда өтемақы төлеуге және әлеуметтік қорғауға бағытталған.

Жиын барысында кәсіпкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Сауалдар арасында сақтандыруды міндеттеу дұрыс емес деген пікірлер де айтылды. Олардың айтуынша жазатайым оқиға тәуекелі төмен салаларда да міндетті сақтандыру енгізілуі – шағын және орта бизнес үшін артық талап сияқты қабылдануда, сондай-ақ, кәсіпкерлерге қосымша қаржылық жүктеме туындатып отыр.

«Кәсіпкерлердің пікірін, мүддесін ескереотырып, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы тарапынан Заңға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар жолданатын болады. Сонымен қатар осы бағыттағы түсіндірме жұмыстарын жалғастырып, салалық кеңестердің күн тәртібіне қайта шығаруды жоспарлап отырмыз», - деді  Палата директоры П.Сыздық.

Алдағы уақытта Кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, жұмыс берушінің де қызметкердің де құқығы тапталмайтын ортақ шешім табуға мүдделі.

Ақпарат үшін: Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 10 маусымда ҚР Премьер-Министрі О.А. Бектеновтың төрағалығымен өткен отырысында «Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және еңбек саласын цифрландыру жөніндегі шаралар туралы» мәселе қаралды.

Кеңес барысында 2025 жылдың 1 жартыжылдығының қорытындысы бойынша өндірісте 33 адам жазатайым оқиғалардан зардап шеккені, 1 адам қаза тапқаны, сондай-ақ жұмыскерлерді өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен қамтудың төмендігі туралы айтылған болатын.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер