Ақтөбе облысында кәсіпкерлерге «Аквамәдениет туралы» жаңа заң түсіндірілді
Ақтөбеде 2025 жылғы 12 маусымда Мемлекет басшысы қол қойған және тамыз айында күшіне енетін Қазақстан Республикасының «Аквамәдениет туралы» жаңа Заңына арналған дөңгелек үстел өтті. Бұл заң елде, соның ішінде табиғи жағдайлары әртүрлі балық түрлерін өсіруге қолайлы Ақтөбе облысында балық шаруашылығын дамытуға жаңа серпін бермек. Іс-шараға өңірдегі балық өсіру шаруашылықтарының өкілдері, мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастықтың мүшелері қатысты. Негізгі спикер ретінде Тобыл-Торғай өңіраралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Береке Төгаев сөз сөйледі. Дөңгелек үстелдің модераторы – Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіп кешені бөлімінің басшысы Арман Алдабергенов болды.
Инспекцияның мәліметінше, облыста 60-тан астам балық өсіру шаруашылығы жұмыс істейді. Олардың қатарында танымал «Мұрагер» ЖШС, «Ардагер» ШҚ, «Trout Kargaly» ӘКК сияқты кәсіпорындар бар. Тауарлы балық өсірудің негізгі ауданы – Қарғалы ауданы. Жергілікті су қоймаларында сазан, шортан, тұқы, табан, көксерке және яз сияқты балық түрлері сәтті өсірілуде.
Береке Төгаевтың айтуынша, жаңа заң үш жыл бойы дайындалып, мамандардың ауқымды жұмысының нәтижесінде қабылданған. Құжатта тауарлы балық өсіруді қолдауға бағытталған нақты шаралар қарастырылған. Атап айтқанда, жем, шабақ, ветеринариялық препараттар сатып алуға және аналық табынды ұстауға субсидиялар қарастырылған.
– Сонымен қатар, скважина қазу, инженерлік инфрақұрылым салу шығындарын өтеу және несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау көзделіп отыр. Бұл әсіресе тұйық су айналымы қондырғылары (УЗВ) сияқты заманауи технологияларды енгізу үшін маңызды, – дейді инспекция өкілдері.
Заң аквамәдениетті 2030 жылға дейінгі Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын іске асыру аясындағы бағыт ретінде дамытуды көздейді. Негізгі мақсаттар қатарына:
- инвестициялық ахуалды жақсарту,
- инновациялық технологияларды қолдау,
- экспорттық әлеуетті дамыту,
- кадрлар мен ғылымды дамыту,
- ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру жатады.
Аквамәдениетті дамытудың негізгі бағыттары мыналар:
- көл-тауарлы шаруашылықтар;
- табиғи су қоймаларындағы қаптамалық өсіру;
- тоғандық өсіру;
- тұйық су айналымы жүйелерімен жабдықталған өнеркәсіптік қондырғылар;
- шабақ өндіруге бағытталған репродуктивті шаруашылықтар (уылдырықты ұрықтандыру, шабақ өсіру).
Мемлекеттік қолдаудың бірнеше түрі қарастырылған:
- жем, шабақ, құрал-жабдықтарға субсидиялау;
- жеңілдетілген несиелеу мен сақтандыру;
- салықтық жеңілдіктер;
- инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы (бюджет есебінен);
- қаржылық емес қолдау (кеңес беру, оқыту және т.б.).
Бұдан бөлек, аквамәдениет субъектілері балық шаруашылығына жер телімдерін алып, су ресурстарын (соның ішінде скважиналарды) пайдалана алады, сондай-ақ бекітілген учаскелерге қажетті құрылғыларды орнатуға құқылы.
Кәсіпкерлер өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтуға мүмкіндік алды.
– Жаңа заң бизнестің балық шаруашылығына белсенді қатысуы үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Экологиялық таза өнімге сұраныс артып келе жатқан қазіргі жағдайда аквамәдениет кәсіпкерліктің өсу драйверлерінің біріне айналуы мүмкін. Балық шаруашылығын дамытқысы келетін кәсіпкерлер мемлекет тарапынан қолдауға сене алады. Өз кезегінде Кәсіпкерлер палатасы да кеңестік сүйемелдеу көрсетуге дайын, – деді Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіп кешені бөлімінің басшысы Арман Алдабергенов.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: