Қарағандыда Семізбұға көлінде демалыс аймағы мен инвесторларға арналған нысандар таныстырылды
Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасының алаңында Туризм кеңесінің отырысы өтті. Жиында өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған негізгі бастамалар таныстырылды. Талқылаудың басты тақырыптары – Семізбұға көлінің жағалауында жыл он екі ай жұмыс істейтін демалыс аймағын құру жобасы және Қарағанды медициналық университетінің қолданыстағы демалыс нысандарын бизнеске сенімгерлік басқаруға беру ұсыныстары болды.
Іс-шараны Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің төрағасы Владимир Алескеров жүргізді.
Семізбұға көлінің туристік әлеуетін дамыту тұжырымдамасын облыстық туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская таныстырды. Жоба аясында этнопарк, 3 000 адамға арналған жағажай аймағы, аквапарк, қонақ үйлер, коттедждер және караван туризміне арналған инфрақұрылым салу жоспарлануда.
«Бұл жоба өңір үшін стратегиялық маңызға ие. Ол ауылдық туризмнің дамуына серпін беріп, жергілікті халықты тартуға және шағын бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Келесі кезеңде – ЖСҚ бекіту, қоғамдық тыңдаулар өткізу және якорлық инвесторларды тарту жоспарланған», – деді Ирина Любарская.
Кәсіпкерлердің сұрақтарына Бұқаржырау ауданы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Алмас Аяпбергенов жауап берді. Оның айтуынша, аудан әкімінің тапсырмасымен жобаның жол картасы әзірленіп, инфрақұрылым мен қатынау жолдары бойынша жұмыстар жүріп жатыр.
Кеңес барысында қатысушылар балалар лагерін ашу, ауыл шаруашылығы өнімдерін сату орындарын, қолөнершілер шеберханаларын және маусымдық қызметтерді дамыту мүмкіндіктерін де талқылады.
Қарағанды медициналық университетінің ректоры Бақыт Қошерова екі демалыс орнын таныстырды. Топар кентінде – 88 орындық қонақ үй, монша, қойма, ұңғыма, электрмен жабдықтау желісі және Қарқаралы ауданындағы Комиссаровка шатқалында – коттедждер, кір жуатын орын, асхана, трансформаторлық қосалқы станса, көлге жақын орналасқан аумақ.
«Біз нысандарды өтеусіз сенімгерлік басқаруға беруге немесе Топар бойынша сату мүмкіндігін қарастыруға дайынбыз. Нысандардың мақсаты – сауықтыру мен демалыс қызметін сақтау. Инвесторлардан келіп түскен барлық ұсыныстар қолданыстағы заңнама аясында қаралады», – деді Бақыт Қошерова.
Туризм басқармасының мәліметінше, Топардағы демалыс орнын дамыту үшін мемлекеттік қаржы тартылған: 2025 жылы – 150 млн теңге, 2026 жылы – 662 млн теңге бөлінуі жоспарланған.
Кеңеске қатысушылар МСБ мен жергілікті тұрғындарды тарту арқылы кооперативтік тәсілді енгізудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» сияқты мемлекеттік бағдарламаларды пайдалану ұсынылды.
«Мұндай жобалар ауылдар үшін үлкен мүмкіндік. Туризм арқылы адамдарға жұмыс беріп, жергілікті экономиканы дамытуға болады. Біздің мақсатымыз – бизнестің мүмкіндіктері мен өңірлердің әлеуетін ұштастыру», – деді Туризм кеңесінің төрайымы Жазира Жанкина.
Жиын соңында жобаның мәслихатпен бекітілуінен кейін инвесторлардың қатысуымен кеңейтілген кездесу өткізіп, дайын тұжырымдаманы ресми түрде ұсыну ұсынылды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: