astana-view

Атырауда «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері анықталды

2025 жылғы 08 Тамыз
- Атырау облысы
933 просмотров

Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы алаңында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 31 мамырында аталған жоба аясында Атырау қаласында жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылған болатын. Көрмеде олар өз өнімдерін таныстырды. Оның ішінде тағам өнімдері: кондитерлік, сүт, ет, консервіленген тағамдар мен жартылай фабрикаттар болды. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындар өндіретін ұлттық киімдер, тоқыма бұйымдары, құрылыс материалдары да ұсынылды.

Жобаның өңірлік кезеңінің нәтижесі бойынша көрмеге қатысқан 33 кәсіпкердің ішінен 10 өндіруші келесі кезеңге өтті.

Жартылай финалға өткен қатысушылар өз өнімдерін Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған бренд-комитет мүшелеріне таныстырды. Комитет құрамына жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, кәсіпкерлікті дамыту институттары, бұқаралық ақпарат құралдары, бизнес субъектілері мен сарапшылар кірді.

Кандидаттар өндіріс принциптері, болашақ жоспарлары және қазіргі кездегі қиындықтары туралы айтып берді. Бренд-комитет мүшелері қосымша сұрақтар қойып, тиісті ұсынымдар берді.


«Финалистерді іріктеу кезінде біз «Бір ауыл – бір өнім» жобасының талаптарына сүйендік. Атап айтқанда, өнім немесе тауар жергілікті шикізаттан жасалуы керек. Оның өндірісінде күрделі емес, қарапайым құрал-жабдықтар қолданылуы тиіс, яғни көп қаржы талап етпейтін болуы қажет. Сырттан әкелінген материалдарды тек аксессуар немесе қосымша ретінде қолдануға рұқсат етіледі. Бірақ басты назар – өнім өңірдің ерекшелігін айқын көрсетуі тиіс. Жеңімпаздарды таңдау оңай болған жоқ, себебі барлық қатысушылар өнімдерін жақсы таныстырды. Нәтижесінде, бірлескен шешіммен үш финалист анықталды», – деді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нурия Шавалиева.

Жеңімпаздар ретінде «Нұрбақыт» ЖК Нұрбақыт Жаркенова (қаз өнімдері), «Cool Man» ЖК Асқар Құлман (ауыл шаруашылығына арналған биогумус тыңайтқышы), «Куанышкалиев Б.Т.» ЖК Бүлекбай Куанышкалиев (ағаштан жасалған өнімдер) танылды. Салтанатты жағдайда оларға арнайы сертификаттар мен мүсіншелер табыс етілді.

Айта кетейік, «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпаздарына маркетингтік қолдау, өнімді брендтеу мен сертификаттауға көмек және экспортқа шығару бойынша сүйемелдеу көрсетіледі. Сонымен қатар, сертификат оларға мемлекеттік грант алуға үміткер болу құқығын береді.
 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер