astana-view

Өңір кәсіпкерлерін қолдау: «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Алматы облысының бизнес өкілдерімен кездесті

2025 жылғы 12 Тамыз
2371 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов Алматы облысының кәсіпкерлерімен кездесті. Аталмыш жиынға өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев те арнайы қатысты. Олар бизнес-қоғамдастықпен ШОБ дамыту, кәсіпкерлерді қолдау шаралары және инвестиция тарту мәселелерін талқылады.

Жиын барысында «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов Алматы облысының кәсіпкерлікті дамытуда және инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауда оң серпін көрсетіп отырғанын атап өтті.

«Мемлекет пен бизнестің серіктестігі айтарлықтай мультипликативті экономикалық әсер беретінін, ал қолданыстағы қолдау бағдарламалары кәсіпкерлерге тек позицияларын сақтап қана қоймай, өндірісті кеңейтуге, жаңа нарықтарға шығуға және жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Біз Ұлттық палата ретінде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бизнестің өзекті мәселелерін шешуге атсалысамыз», - деді Райымбек Баталов.

Басқосуда Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев шағын және орта бизнес экономиканың маңызды қозғаушы күші болып қалатынын жеткізді. 

«Біз әр инвестор мен кәсіпкер өз жобасын іске асырудың барлық кезеңінде қолдауды сезінуі үшін жағдай жасаймыз. Бизнес дамуы тиіс, онымен бірге өңір экономикасы да өсуі қажет», – деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев.

Айта кетейік, бүгінде Алматы облысында 150 мыңға жуық кәсіпкер жұмыс істейді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,6%-ға көп.

Алматы облысы «Атамекен» ӨКП жыл басынан бері кәсіпкерлерге 183 бухгалтерлік және маркетингтік қызмет көрсетіп, 3 740 ақпараттық-консультациялық қызмет ұсынды. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында 89 өтінім қабылданып, 10 финалист анықталды. Үш кәсіпкер республикалық кезеңге өтіп, 5 млн теңгеге дейінгі грантқа үміткер атанды.

Ал, интерактивті картада 90 жоба тіркеліп, жалпы инвестиция көлемі – 1,89 трлн теңгені құраған. Ол бойынша 13 622 жаңа жұмыс орны құрылады.

Биыл бизнесті қолдауға жергілікті бюджеттен 6,2 млрд теңге бөлінді. Қаражат несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға, қарыздар мен лизингке кепілдік беруге, сондай-ақ жас және әлеуметтік кәсіпкерлерге гранттар ұсынуға бағытталды.

Өңірде инвестиция тарту мәселесі де дұрыс жолға қойылған. Соңғы үш жылда олардың көлемі 60%-ға өсіп, 2,4 трлн теңгеге жетті. Жаңа-Алатау өңірінде аумағы 96,5 мың гектар болатын салықтық жеңілдіктер мен преференциялар қарастырылған арнайы экономикалық аймақ құрылды. Алматы облысында жалпы аумағы 2 119,3 гектарды құрайтын алты индустриялық аймақ жұмыс істейді, тағы тоғызы құрылу сатысында, оның жетеуі БАКАД трассасы бойында орналасады.

Сәтті іске асырылған ірі жобалар қатарында – «Almaty Insulation» жылу оқшаулау материалдары зауыты, «Шин-Лайн» балмұздақ фабрикасы, Focus Logistics логистикалық хабы, KT&G кәсіпорны және «Оспанов Девелопмент» балық шаруашылығы бар. Осылайша, Алматы облысының инвестициялық портфелінде жалпы құны 6,3 трлн теңге болатын 229 жоба бар, ал 2025 жылы 302,7 млрд теңгеге 35 жобаны іске қосу жоспарланған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер