Фармацевтика саласындағы түйткілді мәселе: жаңа ережелердің салдары қандай болмақ?
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2021 жылғы 27 тамыздағы №ҚР ДСМ-94 «Дәрілік заттың саудалық атауына өндірушінің шекті бағаларын, бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттың саудалық атауына шекті бағаларды бекіту туралы» бұйрығын талқылауға арналған жиын өтті. Іс-шараға фармацевтикалық нарықтың шамамен 300-дей өкілі қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбы – 2025 жылғы 8 тамызда күшіне енген бұйрықтың ықтимал салдары болды. Қатысушылар дәрі-дәрмек нарығын тұрақсыздандыруы мүмкін бірқатар нормаларға алаңдаушылық білдірді.
Бұған дейін де бизнес-қоғамдастық аталмыш бұйрықтағы бірқатар маңызды олқылықтар туралы мәселе көтерген болатын. Ұлттық палата мен Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы келісім аясында мемлекеттік сараптамалық ұйымдар мен өндірушілермен бірнеше кездесу өткізілгеніне қарамастан, көптеген мәселе шешімін таппаған. Атап айтқанда, кәсіпкерлер көтерме саудадағы шекті бағалардың кей жағдайларда бөлшек бағадан жоғары, ал дистрибьютор бағаларының өндіруші бағасынан төмен болып отырғанын атап өтті.
«Біз дәрілік препараттарды бекітілген бағамен сатып алдық, салық төледік, жеткізушілермен есеп айырыстық. Алайда, жаңа шекті бағалардың енгізілуімен біз өнімді қайта бағалап, сатып алған бағамыздан төмен өткізуге мәжбүр боламыз. Бұл сөзсіз шығындарға әкеледі және салық органдары тарапынан сұрақтар туғызады. Соның салдарынан мемлекет тек фармацевтикалық нарықтың тиімді қатысушыларынан ғана емес, елеулі салық түсімдерінен де айырылады. Бұдан бөлек, 2026 жылдан бастап ҚҚС енгізу жоспарлануда. Қазірдің өзінде шекті бағаларды есептеу кезінде бұл салықтың қалай ескерілетіні – бағаға қосыла ма, әлде бөлек есептеле ме, нақты түсінік жоқ. Бұйрықта да, қолданыстағы реттеуде де бұл мәселе көрсетілмеген, бұл өз кезегінде бизнес үшін қосымша тұрлаусыздық туғызады», – деді дәріханалық сегмент өкілі Мадина Хусаинова.
Жиынға қатысушылар бұйрық ережелерін жедел қайта қарау қажет екенін атап өтті. Әйтпесе, келісімшарттардың бұзылуы, жеткізілімдердің тоқтауы және соның салдарынан дәріханаларда дәрілік заттардың тапшылығы орын алуы мүмкін. Бүгінде бірқатар дәріханалар мен дистрибьюторлар бұйрық талаптарына сәйкес дәрі-дәрмек сатып алудан бас тартып отыр. Бұл, әсіресе ауылдық жерлердегі дәріханалардың жабылуына әкелуі ықтимал.
Бизнес тарапынан айтылған алаңдаушылыққа жауап ретінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Гаухар Райымқұлова бұйрықты толықтай жою мүмкін еместігін, алайда ашық талқылау мен бизнес-қоғамдастықпен жұмыс жалғасатынын жеткізді.
Шара қорытындысы бойынша Ұлттық палата мен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті арасында нақты келісімдерге қол жеткізілді. Жақын күндері Комитет бұйрық күшіне енгенге дейін өндірілген, әкелінген не сатып алынған дәрілік заттарды сатып алу және өткізу мәселелері бойынша кездесуде айтылған ұсыныстарды ескере отырып, ресми түсіндірме береді.
Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы бизнес-қоғамдастық алаңдаушылығын ескеріп, фармацевтикалық нарық үшін тәуекелдерді азайту мақсатында бұйрыққа өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастырады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: