astana-view

Атырау кәсіпкерлеріне әлеуметтік нысандарды дамытудағы мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілді

2025 жылғы 13 Тамыз
- Атырау облысы
710 просмотров

Аталған тақырып Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасында салалық кеңестердің мүдделі мүшелерінің қатысуымен өткен отырыста қаралды.

Іс-шараға бизнес өкілдері, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, білім беру және денсаулық сақтау басқармалары, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының, Аграрлық несие корпорациясының өңірлік өкілдіктері, «Атырау» ӘКК және өңірде инновациялық қызметті дамыту мен инвесторларды қолдауға бағытталған «Atyrau Innovations» ЖШС өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан Атырау облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Карлығаш Бекбаева әлеуметтік нысандарды дамытуда бизнестің үлесін арттыру мақсатында мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге арналған бірқатар қолдау шаралары қарастырылғанын атап өтті. Ол жергілікті бизнес субъектілерін осы жұмысқа белсенді қатысуға шақырды.

Кейін қатысушыларға қолдау тетіктерін егжей-тегжейлі түсіндіретін презентация ұсынылды.

«Мемлекет инвесторларға жер телімдерін беру және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша қолдау көрсетуге дайын. Сонымен қатар, қаржылық қолдау қарастырылған. Мысалы, бизнес-жобаның құны кемінде 600 млн теңге болған жағдайда, кәсіпкерлер мемлекеттен жер телімін ала алады. Бұл ретте жоба құнына байланысты өтініш беруші өз төлем қабілеттілігін жобаның 5, 15 немесе 50 пайызы көлемінде растауы тиіс. Өтінімдер қалалық және аудандық әкімдіктерде қабылданып, кейін өңірлік үйлестіру кеңесінде қаралып, түпкілікті шешім қабылданады», – деді Атырау облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының сыртқы экономикалық байланыстар және инвестиция тарту бөлімінің басшысы Перизат Танатова.

Спикердің айтуынша, инженерлік инфрақұрылым жүргізуге мемлекеттік қолдау алу үшін салынған инвестиция көлемі кемінде 200 млн теңге болуы керек. Инфрақұрылымның құны 50 млн-нан 1 млрд теңгеге дейін болуы шарт. Жоба құрылысының дайындығы кемінде 30 пайыз болуы тиіс.

«Инвестициялық жобалар 7%-дан басталатын мөлшерлемемен, 10 жылға дейінгі мерзімге несиелеу механизмі арқылы қаржыландырылады. 1 жылдық жеңілдікті кезең қарастырылған. Жоба бастамашысынан кепіл ретінде ақша қаражаты немесе жылжымайтын мүлік талап етіледі. Сондай-ақ, екінші деңгейлі банктердегі несие мөлшерлемесі 20%-дан жоғары болған жағдайда, кәсіпкерлер 12,6% көлеміндегі субсидиялау механизмін пайдалана алады», – деді Перизат Танатова.

Әлеуметтік кәсіпкерлер мен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері үшін 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз мемлекеттік гранттар көзделген. Ауыл кәсіпкерлері үшін 7% мөлшерлемемен 4 жылға дейінгі мерзімге 31,4 млн теңгеге дейін несие қарастырылған.

Жиын барысында кәсіпкерлерге мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері мен артықшылықтары туралы да айтылды. Кездесу соңында бизнес өкілдері өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.


 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер