ШҚО экспорттаушыларын қолдау: шетелдік нарықтарда бизнесті қалай дамыту керек
Бүгін ШҚО Кәсіпкерлер палатасының алаңында «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ өкілдері өңірдің бизнес-қоғамдастығына экспорттық әлеуеті жоғары кәсіпорындар үшін мемлекеттік қолдау шараларын таныстырды.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Сәкен Абдуллиннің айтуынша, өңірде өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамып келеді, кәсіпорындардың тең жартысы экспортқа бағытталған.
«Мемлекеттік қолдау шаралары экспорт географиясын кеңейтуге, өндіріс көлемін арттыруға, басқа елдермен серіктестік орнатуға және өңір экономикасының дамуына тың серпін беруге мүмкіндік береді», - деді Сәкен Абдуллин.
Қазақстанның Экспорттық кредиттік агенттігінің мәліметтері бойынша, Шығыс Қазақстан облысы жалпы сомасы 30 млрд теңгенің қомақты қолдауына ие болып, республикадағы алғашқы экспорттаушылардың үштігіне енді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің 10-нан астам экспортқа бағдарланған компаниялары 62 млрд теңгеден астам сомаға жобаларды іске асырды.
«2025 жылы барлығы 80-нен астам экспорттаушы ЭКА көмегін алды, олардың 70%-ы шағын және орта бизнес өкілдері. Негізгі экспорттық тауарлар – азық-түлік, металл өнімдері, химия өнімдері, мұнай өңдеу, ауыл шаруашылығы өнімдері және құрылыс материалдары», - деп атап өтті «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ өңірлік өкілі Алтынгүл Төлегенова.
Жеткізу географиясы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай, Ресей, Беларусь, Армения, Әзірбайжан, Моңғолия және БАӘ елдерін қамтиды.
Экспорттық-кредиттік агенттігі бизнеске қаржылық және сақтандыру құралдарының кең спектрін ұсынады. Олардың ішінде ең танымалы – экспорт алдындағы қаржыландыру және қазақстандық өнімді шетелдік сатып алушыларға арналған сауданы қаржыландыру.
Бұл шаралар компанияларға экспорттық келісімшарттарды орындау үшін жеңілдікті қаржыландыру алуға, төлемді кешіктіру тәуекелдерін сақтандыруға және тауарларды жөнелткеннен кейін уақытылы төлемді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ЭКА шетелдік тендерлерге қатысуға және шарттық міндеттемелерді орындауға кепілдік береді, сондай-ақ экспорттық несиелерді, дебиторлық берешекті және аванстық төлемдерді сақтандырады. Ең танымал қызметтердің бірі шетелдік серіктестердің сенімділігін тегін тексеру болды.
Агенттіктің құралдарын тиімді пайдаланудың бір мысалы машина жасау жабдықтарының ірі өндірушісі — «Востокмашзавод» кәсіпорны болып табылады. ЭКА сақтандыру қорғанысының арқасында кәсіпорын сыртқы сауда тәуекелдерін барынша азайта отырып, шетелдік әріптеспен келісімшартты сәтті іске асырды.
ЭКА қолдауын шикізаттық емес тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді жеткізетін кез келген қазақстандық компания пайдалана алады. Өтінішті агенттіктің bgov.kz цифрлық платформасы және бизнесті қолдау порталы арқылы беруге болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: