«Екі түрлі шындық»: Қазақстандағы іскерлік ахуал қалай өзгерді
Елдегі бизнес-климат жақсарып келеді, бірақ айтарлықтай мәселелер әлі де бар.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2025 жылдың екінші тоқсанына арналған «Іскерлік ахуал» рейтингінің жаңа деректерін ұсынды. 4450 шағын және орта бизнес өкілін қамтыған зерттеу кәсіпкерлердің жалпы көңіл-күйінің жақсарғанын көрсеткенмен, бірқатар елеулі мәселені де анықтап берді. Басты қорытынды – елде «екі түрлі бизнес-шындық» қалыптасып отыр: көшбасшы өңірлер мен артта қалған аймақтар арасындағы алшақтық өте үлкен.
2024 жылдың қорытынды рейтингімен салыстырғанда іскерлік ахуалдың жалпылама бағасы артқан, дегенмен тұрақты деңгейге әлі де жете қоймаған. Шағын бизнес жағдайды 4 балдық шкала бойынша 3,02 балға бағаласа, орта бизнес небәрі 2,92 балға бағалаған. Бұл ретте шағын бизнес біршама өсімді көрсетсе, орта бизнес, керісінше, жағдайдың өткен жылмен салыстырғанда нашарлауын сезініп отыр (2,98 қарсы 3,25).
Алдыңғы қатардағы өңірлер мен артта қалған аймақтар арасындағы алшақтық 1,3 балдан асады. Шағын бизнес бойынша көшбасшылар – Қостанай облысы (3,40), Ұлытау облысы (3,37) және Атырау облысы (3,35). Ал аутсайдерлер қатарында Алматы (2,73), Шымкент (2,64) және Шығыс Қазақстан облысы (2,61) қалып отыр.
Орта бизнеске келсек, үздік өңірлер – Жамбыл, Түркістан және Қостанай облыстары (шамамен 3,5 балға дейін), ал ең төменгі көрсеткіш – Алматы облысында (2,35), Жетісу облысында (2,17) және Шығыс Қазақстанда (2,10). Мұндай әркелкі динамика әр өңір мен әр сегментке жеке тәсіл қолдану қажеттігін көрсетеді.
Шағын бизнесті не мазалайды?
Бірқатар жағымды өзгерістерге қарамастан, әрбір бесінші шағын кәсіпкер шығындарын немесе қызметкерлерін қысқартуға мәжбүр, ал 1,5%-ы тіпті бизнесті жабуды ойлап жүр.
Дегенмен оң үрдістер де байқалады. Әкімдіктер мәмілеге ашық деп санайтын кәсіпкерлер үлесі 27,2%-ға дейін өсті.
Сауалнамаға қатысқандардың 70,2%-ы сыбайлас жемқорлық жағдайларына тап болмаған, бұл бірінші тоқсанмен салыстырғанда айтарлықтай ілгерілеуді байқатады.
Алайда түйткілді мәселелер әлі де жетерлік. Мемлекеттік қолдау алу кезіндегі басты кедергілер – қаржыландырудың шектеулілігі (23,5%) және бюрократия (21,4%). Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері әсіресе жер қатынастары (31,8%), мемлекеттік сатып алу (28,5%) және салықтық әкімшілендіру (12,6%) салаларында жоғары. Жергілікті билікпен диалог жақсарғанмен, әлі де шектеулі деңгейде, ал цифрлық арналар іс жүзінде қолданылмайды дерлік.
Орта бизнесті не мазалайды?
Әкімдіктердің инвестжобаларды қолдауға дайын болуына қарамастан (бұндай жауаптардың үлесі 23%-дан 26%-ға өскен), орта бизнес әлдеқайда күрделі мәселелерге тап болып отыр. Респонденттердің 30%-ын салық жүктемесінің артуы алаңдатады. Бәсекелестікке қатысты шағымдар (5,9%-дан 12,1%-ға дейін) және әкімшілік қысымға байланысты шағымдар (4,1%-дан 6,8%-ға дейін) айтарлықтай өскен.
Сонымен бірге білікті кадр тапшылығы кәсіпкерлердің 15%-ы үшін көкейтесті мәселе болып отыр.
Жалпы, «Іскерлік ахуал» рейтингі мемлекеттік органдарға бизнес жүргізу жағдайларын жақсарту мақсатында әр өңір мен сектордың ерекшелігін ескере отырып, нысаналы шаралар қабылдау қажеттігін көрсететін айқын белгіге айналды.
Рейтингтің толық деректерімен мына жерде танысуға болады
Пікір қалдыру:
Пікірлер: