"Атамекен" қолдауымен дамып жатқан ауыл кәсіпкері
Мемлекеттік грант – серпіліс бастауы
2024 жылы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Нұргүл Дәлелқанқызы мемлекеттік грант иегері атанды. Ол қаражатқа заманауи тоқыма машинкаларын, ою басатын құрылғыны сатып алып, өндірісін жаңа деңгейге көтерді. Бұрын қолмен жасалған оюларды енді арнайы машинка арқылы сапалы әрі жылдам шығара алады.
«Дамып жатқан осы жұмысымыздың барлығы Атамекен кәсіпкерлер палатасының қолдауының арқасында болды. Құжат жағынан болсын, кеңес беру жағынан болсын бізге әрдайым көмектесіп, жол көрсетіп отырды. Сол үшін Палата ұжымына үлкен алғыс айтамын», – дейді Нұргүл ханым.
Ауыл тұрғындарына жұмыс, елге үлгі
Қазіргі таңда кәсіпкердің шеберханасында ауылдың 5 тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – ауыл халқы үшін табыс көзі әрі өңірдің әлеуметтік дамуына қосылған үлес.
Өндірісте тек отандық шикізат қолданылады: қойдың жүні мен сиырдың терісінен жасалған 100 пайыз экологиялық таза өнімдер шығарылады. Авторлық құқықпен қорғалған үлгілері мен сертификаттары бар. Арнайы тапочкалары халықаралық көрмеде ұсынылып, тіпті Америкаға дейін сатылған.
Жаһандық арман
Нұргүл Дәлелқанқызының басты мақсаты – Қазақстанның тоқыма өнімдерін әлемге таныту. Ол Түркия мен Италиядағы көрмелерге қатысып тәжірибе алмасқан. Алдағы жоспары – Парижде қазақстандық өнімдерден сән көрсетілімін ұйымдастыру.
«Біздің өнімдеріміз – тек бас киім не киім-кешек қана емес. Біз тұтас ұлттық нақыштағы толық образ жасай аламыз: бас киім, аяқ киім, сөмке, киім – барлығы бір стильде. Қазақтың қолөнерін әлемге паш ету – арманым», - дейді кәсіпкер.
Атамекен – сенімді серік
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Нұргүл Дәлелқанқызы секілді іскер жандарға әрқашан қолдау көрсетіп келеді. Гранттарға қол жеткізу, құжаттандыру, кеңес беру және жаңа нарықтарға шығуға бағыт беру – Палатаның басты міндеттерінің бірі.
Нұргүл ханымның жетістігі – мемлекет қолдауы мен кәсіпкердің табанды еңбегінің айқын көрінісі. Оның тәжірибесі ауылдағы көптеген кәсіпкерлер үшін шабыт көзіне айналды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: