«Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы: балаларға қуаныш сыйлаған «Мектепке жол» акциясы
Алматы облысының кәсіпкерлер палатасы жаңа оқу жылы қарсаңында қоғамдық жауапкершілікті басты назарға алып, әкімдікпен бірлесе отырып дәстүрлі «Мектепке жол» акциясын өткізді.
Бұл игі шараға облыстық әкімдік пен жергілікті кәсіпкерлер белсенді атсалысып, әлеуметтік осал топтағы балаларға мектеп формасы мен оқу құрал-жабдықтарын табыстады. Кәсіпкерлер тарапынан ата-аналарға 15%-дан 50%-ға дейін жеңілдіктер ұйымдастырылып, отбасылардың қаржылық жүктемесін азайтуға нақты қолдау көрсетілді.
«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы үшін мұндай әлеуметтік жобалар – тек қайырымдылық емес, қоғам алдындағы жауапкершіліктің айқын көрінісі. Палата әрқашан бизнестің әлеуетін қоғам игілігіне бағыттап, әлеуметтік бастамаларды іске асыруда белсенділік танытып келеді.
Біздің мақсатымыз – әрбір бала жаңа оқу жылын қуанышпен бастауы. Бұл бастама – бизнес пен билік арасындағы сенімді әріптестіктің нақты нәтижесі, – деп атап өтті Алматы облысының кәсіпкерлер палатасы өкілдері.
Акция барысында қамтылған балалар жаңа оқу жылына толық дайындықпен кіріп отыр. Ал ата-аналар үшін ұйымдастырылған жеңілдіктер отбасылық бюджетке елеулі көмек болды.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта да бизнес пен мемлекет арасындағы диалогты нығайтып, қоғам үшін маңызды жобаларды жүзеге асыруға басымдық бермек.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: