astana-view

Ұлттық палатада бизнес телемедицинаның ауқымды жаңғыруын талқылады

2025 жылғы 02 Қыркүйек
497 просмотров

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі телемедицинаны жаңғырту жобасының іске қосылғанын мәлімдеді.

Шешім Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаевтың қатысуымен өткен ҚР «Атамекен» ҰКП Төралқасының Фармацевтика, медицина өнеркәсібі және медициналық қызметтер комитетінің кеңейтілген отырысында жарияланды. Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, салалық сарапшылар және ондаған бизнес өкілдері қатысты.

Қазақстанда телемедицина шамамен 20 жыл бұрын дами бастағанмен, қазіргі қажеттіліктерден артта қалып отыр. Әсіресе, бұл мәселе ауылдық және шалғай аймақтар үшін өте өзекті болып отыр.

«Өкінішке қарай, бүгінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарынан республикалық немесе облыстық орталықтармен ресми түрде телемедициналық кеңес жүргізу мүмкін емес. Қашықтықтан медициналық қызмет көрсету кезінде қолданып жүрген қазіргі ақпараттық арналарымыз заңды болып есептелмейді. Сондықтан біздің міндетіміз – телемедицинаны сенімді арналар арқылы әрбір елді мекен деңгейіне жеткізу», – деп атап өтті Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту орталығы басқармасының төрағасы Гүлнара Құлқаева.

Оның айтуынша, жоба 5 млн-нан астам ауыл тұрғынын бейінді мамандарға қол жеткізумен қамтамасыз етуге тиіс, сонымен бірге дәрігерлер мен медициналық логистикаға түсетін жүктемені азайтып, медициналық қызметтердің құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

Айта кетсек, жобаны қаржыландыру бизнес-қауымдастық пен жергілікті бюджет есебінен де жүргізіледі деп жоспарланған. Сәтті шыққан мысал ретінде Франция Елшілігінің қолдауымен 16 елді мекенді қамтыған Солтүстік Қазақстан облысында іске асырылған пилоттық жоба келтірілді.

Алайда, медициналық бизнес өкілдерінің айтуынша, бүгінге дейін қашықтықтан медициналық қызмет көрсетуге кедергі келтіретін негізгі тосқауылдар әлі де шешілген жоқ. Бұл – телемедицинаның нормативтік-құқықтық базасы мен стандарттарының, атап айтқанда телемедициналық көмек стандарттарының, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін лицензиялау механизмінің болмауы (whatsapp-кеңестер мен рұқсат құжаттарсыз үйде қызмет көрсетуді «сұр аймақтан» шығару қажеттілігі). Сондай-ақ шешілмеген мәселелер қатарына ведомстволар арасындағы үйлестірудің әлсіздігі, қызметтерді тарификациялаудың тұрақты қаржылық модельдерінің жоқтығы, әлсіз ІКТ-инфрақұрылым және кадр тапшылығы жатқызылды. Осылайша, бүгінде дәрігерлердің шамамен 14%-ы зейнет жасына жеткен.

ҚР «Атамекен» ҰКП Төралықасының Фармацевтика, медицина өнеркәсібі және медициналық қызметтер комитетінің төрағасы Нұржан Отарбаевтың айтуынша, қазіргі жағдайда ауыл үшін телемедицина дәрігерлерге қосымша әрі ақысыз жүктеме ретінде жұмыс істеп тұр. Сондықтан жүйелі оқыту, «дәрігер-дәрігер» және «дәрігер-пациент» үрдістерін регламенттеу, қашықтықтан қызмет көрсетуге тиімді тарифтер белгілеу, сондай-ақ деректер қауіпсіздігіне қатысты заманауи талаптарды енгізу қажет.

«Бүгінде біз бақылаушы органдардың қатаң талапшылдығына тап болып отырмыз, қадағалау функциясы күшейген. Мұнда мен лицензиялау мәселесіне байланысты тікелей тәуекелдерді көріп отырмын. Біз бұл мәселені бұрыннан көтеріп келеміз, себебі әлемнің ешбір елінде амбулаториялық-поликлиникалық қызмет біздегідей қатаң түрде реттелмеген. Сондай-ақ телемедицина бойынша жеке Заңды әзірлеу мәселесін көтеріп, қашықтықтан медициналық қызмет көрсету барысында алынған деректерді жинау, сақтау және өңдеуге арналған сенімді платформаларды әзірлеу қажет», – деді «Салауатты Астана» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы, Телемедицина және электронды денсаулық сақтау қауымдастығының өкілі Лейла Ишбаева.

Кездесу қорытындысы бойынша барлық ұсынысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ҰДСДО-ның пысықтауы үшін бірлескен хаттамаға енгізу туралы шешім қабылданды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер