Қазақстан мен Қытай Іскерлік кеңес отырысы аясында стратегиялық әріптестік нығайды
Бүгін Бейжіңде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің қатысуымен Қазақстан–Қытай Іскерлік кеңесінің сегізінші отырысы өтті.
Отырысқа «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов пен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма Төрағасы Мұрат Қарымсақов қатысты. Қазақстанның ірі бизнес-бірлестіктері басшыларының қатысуы екіжақты диалогтың сауда-экономикалық қатынастарды дамытудағы маңыздылығын айқындады.
Сондай-ақ, Іскерлік кеңес отырысына қазақстандық KAZ Minerals PLC, «Qarmet» АҚ, «Аллюр компаниялар тобы» АҚ, «Самұрық-Қазына» АҚ және басқа да компаниялар қатысты. Сонымен қатар, Қытай тарапынан Sany Group, Whale Cloud Technology Co. Ltd., Power Construction Corporation of China, Polyking New Horizons Technology Industry Co. Ltd, Asia United Steel және басқа компаниялардың өкілдері болды.
Талқыланған бастамалар Қазақстан мен Қытай арасындағы сенімнің жоғары деңгейін растап, тараптардың өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге дайын екенін көрсетті. Атап айтқанда, тауар айналымын кеңейтуге, қазақстандық бизнестің Қытай нарығындағы позицияларын нығайтуға және экономиканың негізгі салаларында жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасайтын уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Отырыстың өтуі өзара сауданың белсенді серпіні аясында жүзеге асты. 2025 жылдың қаңтар–маусым айларының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 14,9 млрд АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен (14,1 млрд АҚШ доллары) салыстырғанда 5,9%-ға жоғары. Оның ішінде Қазақстаннан Қытайға экспорт көлемі 6,6 млрд АҚШ долларына жетсе, Қытайдан импорт 8,3 млрд АҚШ долларына дейін өсті.
Осылайша, Іскерлік кеңес отырысы саяси және экономикалық өзара іс-қимылдағы қол жеткізілген табыстарды бекітіп қана қоймай, одан әрі ынтымақтастыққа бағыт берді. Қазақстан мен Қытай ұзақ мерзімді перспективада серіктестікті нығайтып, екі ел бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктерді ашуға ниетті екендігін растады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: