astana-view

Атырауда жаңа Салық кодексін талқылауға 400-ден астам кәсіпкер қатысты

2025 жылғы 12 Қыркүйек
- Атырау облысы
187 просмотров

Бүгін Атырауда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіруге арналған ауқымды семинар өтті. Іс-шараны ҚР Қаржы министрлігі «Атамекен» ҰКП-ның қолдауымен ұйымдастырды.

Семинарға орталық жұмыс тобының өкілдері, жергілікті мемлекеттік органдар, өңірлік Кәсіпкерлер палатасы және 400-ден астам кәсіпкер қатысты. Қатысушылар белсенді түрде сұрақтар қойып, алдағы өзгерістерге қатысты алаңдаушылықтарын білдірді.

Жаңа кодекстегі тұжырымдамалық өзгерістер туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің әдіснама департаментінің директоры Ораз Абдрахманов айтты:

«Жаңа кодекс ашықтықты, рәсімдердің жеңілдетілуін және цифрландыруды ескере отырып әзірленді. Басты мақсат – ауқымына қарамастан әрбір бизнес өз құқықтары мен міндеттерін түсінетін теңгерімді әрі әділ салық жүйесін құру. Біз салықтық комплаенс ұғымын енгіздік, бизнесті бөлшектеу мен табысты салықтан жасырудың алдын алу шараларын күшейттік. Бұл өзгерістер күрделендіру үшін емес, мемлекет пен салық төлеушілер арасындағы сенімді арттыру үшін жасалуда», – деді ол.

Кәсіпкерлер қауымдастығы көтерген басты мәселелердің бірі – арнайы салық режимінде жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін салықтық шегерімдерді қолдануға қойылған шектеулер. Сауда салалық кеңесінің мүшесі, «Үй жанындағы дүкендер» өкілі Ляззат Досмағамбетованың айтуынша, бұл жаңа нормалар шағын бизнестің дамуына айтарлықтай әсер етуі мүмкін:

«Корпоративтік табыс салығы мен шегерім — маңызды құралдар. Біз, жеке кәсіпкерлер, халықпен қатар, ЖШС-ларға да өнім жеткіземіз. Егер жаңа кодекске сәйкес ірі бизнес бізден алынған тауарларды шегерімге қоса алмаса, олар бізбен жұмыс істеуден бас тартады. Бұл дегеніміз — біз тек жеке тұлғаларға ғана сата аламыз, ал бұл біздің өсуімізді шектейді. Өздеріңіз білесіздер, Атырау — мұнайлы өңір, біз ірі компаниялармен жұмыс жасаймыз. Жаңа норма бізді қосымша табыстан айырып отыр», – деді ол.

Оған жауап ретінде ҚҚС әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Сартаева жаңа режимнің ашықтықты арттыру мақсатында енгізілгенін түсіндірді:

«Арнайы салық режимі бұрынғы екі режимнің бірігуі арқылы қалыптасты. Неліктен шегерім жасауға болмайды? Өйткені, өкінішке қарай, Қазақстанда бұл режим салықтан жалтару үшін жиі пайдаланылған. Бұл деректермен расталған. Бірақ бұл тек жеңілдетілген режимде ғана жұмыс істеуге мәжбүр деген сөз емес. Қалауыңыз болса, жалпыға бірдей белгіленген режимге өтіп, ҚҚС төлеуші бола аласыз және барлық салықтық шегерімдерді қолдануға мүмкіндік бар», – деп атап өтті ол.

Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев та кәсіпкерлердің алаңдаушылығын қолдап, өңірлік бизнестің ерекшеліктерін ескеруге шақырды:

«Атырау облысының кәсіпкерлері әрқашан заң аясында жұмыс істеуге ұмтылды, бірақ заңнамалық нормалар шағын және орта бизнестің дамуына кедергі болмауы тиіс. Салықтан жалтаруға қарсы күрестің қажеттілігін түсінеміз, бірақ адал кәсіпкерлердің өсу мүмкіндігі шектелмеуі керек. Өңірлік ерекшеліктер, соның ішінде ірі ЖШС-мен тығыз жұмыс істеу жаңа ережелерде ескерілуі тиіс. Семинар барысында айтылған барлық ұсыныстарды Қаржы министрлігіне жеткіземіз», – деді ол.

Кәсіпкерлер мен Қаржы министрлігі өкілдері арасындағы диалог ашық форматта жалғасты. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер жаңа салық заңнамасындағы даулы нормаларды қайта қарауға және конструктивті кері байланыс орнатуға маңызды екенін атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер