astana-view

Ырғыздағы кәсіпкерлер үшін инфрақұрылым мен кадр тапшылығы қолбайлау болып тұр

2025 жылғы 27 Қыркүйек
- Ақтөбе облысы
762 просмотров

Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов пен облыстық мәслихат депутаты, Өңірлік кеңес мүшесі Камшат Төлеуова жұмыс сапарымен Ырғыз ауданында болып, бірқатар кәсіпкерлік нысандарды аралады. Сапар барысында кәсіпкерлер палатасының Ырғыз аудандық филиал директоры Гүлнар Шамиева «Мантай» шаруа қожалығы, «Керуен» кемпингі, «Есбол» шаруа қожалығының бордақылау алаңы мен мал сою пункті құрылысы, «Этноауыл» демалыс орны, «Тоқаш өнімдері» шағын цехы және «Үркер» дүкенінің жұмысымен таныстырды.

Кәсіпкерлер өздерінің жетістіктерін көрсетумен қатар, бизнес жүргізуде кездесіп отырған мәселелерді ортаға салды.

Қалыбай ауылындағы «Мантай» шаруа қожалығы 21 мың гектар жерді игеріп, ірі қара, ұсақ мал және жылқы өсірумен айналысады. Қожалық иесі Күлаш Дербісалина биыл аудандық Палатаның сүйемелдеуімен мемлекеттік бағдарлама арқылы электр жарығын тартып, күн панельдерінен толыққанды желіге көшті.

Алайда малшылар мен тракторшылардың тапшылығы қожалық жұмысының негізгі проблемасына айналып отыр.

Жеке кәсіпкер Қайрат Әбдірахманов иелігіндегі «Керуен» кемпингі Самара – Шымкент трассасы бойында орналасқан. Мұнда 20 орындық қонақ үй мен 50 адамға арналған асхана жұмыс істейді. Сонымен қатар ол 10 мың гектар жерге ие «Есбол» шаруа қожалығын басқарады. Қазір мұнда бордақылау алаңы мен мал сою цехы салынып жатыр.

Кәсіпкер ауыз су мен жол бойындағы сервистік қызметті субсидиялау қажеттігін көтерді.

Сапар барысында Камшат Төлеуова кәсіпкерге мал сою цехы мен бордақылау алаңын тәжірибеге сай, тиімді жабдықтап, құрылыс жұмыстарын дұрыс ұйымдастыру бойынша сараптамалық кеңес берді.

Ырғыз тұрғыны Айгүл Ақжекенова «Ауыл аманаты» бағдарламасымен несие алып, «Тоқаш өнімдері» цехын ашты. Күніне 200-ге жуық ұн өнімдері мен жартылай дайын ет өнімдерін қолжетімді бағада ұсынып отыр.

Дегенмен, өндірісте жұмысшылар жетіспейді. Палата өкілдері мамандарды тарту және оқыту бойынша мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндірді. Және кәсіпкерге Ақтөбеде ірі кәсіпкерлерден тәжіребе алмасу ұйымдастырылады.

Кәсіпкер Құралай Берекеш Ырғыз ауылында этнотуризмді дамытуға кірісіп, алғашқы киіз үй мен шағын қонақ үйлерді іске қосты. Алдағы жылдары жобаны кеңейтіп, ұлттық дәстүрлерді насихаттайтын демалыс орнын дамытуды жоспарлап отыр.

Барлық нысандарда ортақ мәселе ретінде кадр тапшылығы көтерілді. Сонымен қатар инфрақұрылым мен қолжетімді қаржы көзі қолдау қажеттігі де байқалды.

Аудан әкімінің орынбасары Серік Қонақбаев, аудандық кәсіпкерлер Кеңесінің төрағасы Нұри Таңқаев және мүшелері Құралай Берекеш, Талап Болатов аудан кәсіпкерлерінің атқарып жатқан жұмыстарын талқылып, қолдау шаралары бойынша ұсыныстарды жеткізді. 

Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов кәсіпкерлердің ұсыныстары мемлекеттік органдарға жеткізіліп, шешу жолдары қарастырылатынын атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер