«Салықтық шектеулер – микробизнеске соққы»: отандық өндірушілер дабыл қағуда
ҚР Ұлттық экономика министрлігі оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін қолдануға тыйым салынатын қызмет түрлерінің тізімін белгілейтін қаулы жобасын дайындады.
Бұл тізімге енгізілген Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіндегі (ЭҚЖЖ) кодтардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібі саласына жатады. Бұл жағдай «Атамекен» ҰКП-ның бейінді комитеттері мен бизнес тарапынан алаңдаушылық туындатып отыр. Аталмыш мәселе «Атамекен» ҰКП Басқармасының Өңдеу өнеркәсібі және Машина жасау мен металл өңдеу комитеттерінің бірлескен отырысында қаралды. Жиынға өңірлік кәсіпкерлер палаталарының салалық кеңестері қатысты.
«Ірі кәсіпорындар оңайлатылған салық режимінде қалатын компаниялармен келісімшарт жасасқанда салықты есепке алу мүмкіндігінен айырылып қалу қаупі бар. Сондықтан, олар үшін бұл шектеу тиімді. Алайда халықпен тікелей жұмыс істейтін шағын бизнес үшін бұл өнім бағасының қымбаттауына, техникалық және әкімшілік үрдістердің күрделенуіне әкеледі. Бұл мәселеге жүйелі көзқарас қажет», – дейді Өңдеу өнеркәсібі комитетінің төрағасы Қанат Ибраев.
Оңайлатылған салық режимін қолдануға тыйым салу отандық шағын өндіріс орындарының жағдайын әлсіретіп, олардың шығындарын арттырады әрі бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Салдарынан мұндай салықтық шектеулері жоқ шетелдік, арзан өнімдердің демпингі күшейеді. Осыған байланысты жергілікті тауар өндірушілердің нарықтан ығыстырылуы, жұмыс орындарының қысқаруы және бюджетке түсетін салықтардың азаюы ықтимал.
Көптеген өндіріс кәсіпорындары, мысалы, қаптама саласы, қағаз және картон бұйымдары, жеңіл металдан жасалған бұйымдар (алюминий банкалар), аяқ киім және синтетикалық талшық өндірісімен айналысатын кәсіпорындар – 3-5 адам ғана жұмыс істейтін шағын компаниялар. Бұл өндірістер автоматтандырылған, тапсырыспен жұмыс істейді, көлемдері де шағын.
«Қазақстан қаптаушылар қауымдастығы» ЗТБ өкілі Н. Кузнецованың айтуынша, мұндай кәсіпорындарды жалпыға бірдей белгіленген салық режиміне көшіру – бухгалтерияға артық шығын, қағазбастылық және түптеп келгенде, бұл кәсіпорындардың нарықта қалуына қауіп төндіреді.
Кәсіпкерлер: «мұндай шағын өндірістерден толық салық декларациясын талап ету – нонсенс» дейді. Олар мұндай өзгерістерді еңсере алмайды. Бұл – бүгінде шикізат пен материал бағасының өсуін әрең көтеріп отырған шағын және микробизнеске қатысты мәселе.
Өндірушілердің ұсынысы қандай? Тыйым салынған тізімнен шағын көлемдегі кәсіпорындарды алып тастау. Шектеуді ЭҚЖЖ коды бойынша емес, нақты көрсеткіштерге қарап қою: (айналым көлемі, ҚҚС төлеу/төлемеу, қызметкер саны). Сондай-ақ, жеке тапсырыспен жұмыс істейтін, МЕМСТ бойынша жеткізулерге және ірі тендерлерге қатыспайтын микробизнес үшін оңайлатылған салық режимін сақтау.
Өңдеу өнеркәсібіндегі шағын бизнес үшін неліктен оңайлатылған тәртіп маңызды?
- Қазір бұл тәртіп – шағын өндірісті қолдаудың маңызды құралы.
- Тіпті аздаған кәсіпорынның шеттетілуі де өнімнің соңғы бағасының өсуіне әкелуі мүмкін.
- Бұл – тұтынушыға соққы және кәсіпкерлер үшін салықтық есеп берудің қиындауы.
- Микробизнеске қолдау болмаса, салада даму болмайды, керісінше, ірілену, монополиялану басталып, шағын кәсіпорындар нарықтан кетуі мүмкін.
Осыған байланысты, отырыс қорытындысы бойынша отандық тауар өндірушілер нақты негіздемелері бар ұсыныстарды біріктіріп, ЭҚЖЖ-ның кейбір кодтарын алып тастау жөнінде уәкілетті мемлекеттік органдарға жолдайды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: