astana-view

Ұлытау облысы кәсіпкерлерімен кездесу: экономикалық саясат пен жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіру

2025 жылғы 15 Қазан
- Ұлытау облысы
244 просмотров

 

Ұлытау облысында өңір кәсіпкерлерінің Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдерімен кездесуі өтті. Іс-шара Ұлытау облысы кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жаңа экономикалық саясат пен жаңартылған Салық кодексінің нормаларын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Бұл кәсіпкерлерге өздерін толғандырған сұрақтарды тікелей қоюға және әрбір бағыт бойынша жан-жақты түсініктеме алуға мүмкіндік берді. Қатысушылар шағын бизнес субъектілерінің жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істеуі мен қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеушілер арасындағы өзара әрекеттестігіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар, жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істеу құқығын сақтап қалған кәсіпкерлер санаттары туралы жеке ақпарат берілді.

Ұлытау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлмира Қаженова «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмысының арқасында 2026 жылдан бастап жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істеуге рұқсат етілген 316 қызмет түрі сақталып қалғанын атап өтті. Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл санатқа халыққа тікелей қызмет көрсетумен айналысатын кәсіпкерлік субъектілері енген. Бұдан бөлек, «Атамекен» ҰКП бұл тізімді қайта қарау бойынша жұмыс жүргізуде. Мемлекеттік органдарға оны қысқарту қажеттілігін дәлелдеу мүмкін болды. Қазіргі таңда құжат Ашық НҚА порталында қоғамдық талқылау сатысында тұр, және бизнес өкілдерінің өз ұсыныстарын енгізуге мүмкіндігі бар.

— Біздің қазіргі міндетіміз – барлық негізді ұсыныстарды жинақтап, оларды Ұлттық экономика министрінің атына шұғыл түрде жолдау. Басты мақсатымыз – бөлшек саудамен айналысатын адал кәсіпкерлерді бұл шектеу тізімінен шығару, — деп атап өтті Гүлмира Изатуллақызы.

Жалпы, ЭҚЖЖ (ОКЭД) тізімінде 1 111 қызмет түрі бар, оның ішінде 795 бағыт шектеу тізіміне енген. B2C сегментіне бағытталған шағын бизнес арнайы салық режимі бойынша жұмысын жалғастырады, ал ірі қызмет түрлері жалпыға бірдей белгіленген тәртіпке көшеді.

— Әрбір кәсіпкер өз бизнесінің ерекшелігін ескере отырып, қай санатқа жататынын өзі таңдай алады, — деп атап өтті мемлекеттік орган өкілдері.

Айта кету керек, Ұлытау облысы кәсіпкерлер палатасы салықтық жүктемені, әсіресе шағын бизнес субъектілері үшін, азайту бойынша жұмыстар жүргізуде. Жаңа Кодексте бұл – жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимі мөлшерлемесінің 4%-дан 2%-ға дейін төмендеуі. Мәслихаттардың бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету туралы шешімдері жергілікті өндірісті дамытуға, бизнесті заңдастыруға және салық түсімдерін арттыруға оң әсерін тигізеді.

Жалпы алғанда, кездесу конструктивті форматта өтіп, түрлі саладағы кәсіпкерлер үшін пайдалы болды. Кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту жаңа заңнамалық нормаларды тереңірек түсінуге жол ашады, бұл өз кезегінде ел экономикасының, соның ішінде өңірлердің де тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер