astana-view

Қазақстан мен Беларусь өндірістік кооперацияны нығайтуда: 11 келісім мен шартқа қол қойылды

2025 жылғы 05 Қараша
486 просмотров

2025 жылғы 5 қарашада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде «Қазақстан - Беларусь: өнеркәсіптік кооперация, перспективалар және жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында Қазақстан-Беларусь Іскерлік кеңесінің V отырысы өтті.

Отырысқа Қазақстан мен Беларусь жетекші компанияларының өкілдері қатысты. Іскерлік кеңестің тең төрағалары - Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов және Беларусь Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Михаил Мятликов құттықтау сөз сөйледі.

Тараптар өз сөздерінде Қазақстан-Беларусь Іскерлік кеңесі өнеркәсіптік кооперацияны, аграрлық серіктестікті және технологиялар алмасуын дамыту үшін маңызды алаңға айналғанын атап өтті. Беларусь тарапынан МАЗ, ЛИПЛАСТ-СПб, Сифания-Экотехника, Белтелекабель және басқа да жетекші кәсіпорындардың басшылары қатысты. Қазақстан тарапынан - «АгромашХолдинг KZ» АҚ, «Продкорпорация» ҰК АҚ, Қазақстан фермерлер қауымдастығы, «КАИК» ЖШС, «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» ЖШС және басқа компаниялар қатысты.

Отырыста 2025 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара сауда айналымы 612,2 млн АҚШ долларынан асқаны, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,5%-ға жоғары екені атап өтілді. Қазақстанның Беларусьқа экспорты 48%-ға өсіп, 158 млн АҚШ долларына жетті, ал Беларусь өнімінің импорты 5,9%-ға артып, 455 млн АҚШ долларын құрады. Беларусь тауарларының импортының өсуі олардың Қазақстан нарығындағы жоғары сұранысы мен сенім деңгейін көрсетеді.

 Бүгінгі таңда Қазақстанда Беларусь капиталы бар 900-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде 192 кәсіпорын - бірлескен меншіктегі, олардың 151-і белсенді жұмыс істеп тұр. Бұл біздің экономикаларымыздың ашықтығы мен іскерлік белсенділіктің жоғары деңгейін көрсетеді.

«Қазақстан мен Беларусь арасындағы инвестициялық ынтымақтастық оң динамика көрсетіп отыр. 2005 жылдан 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына дейінгі кезеңде Беларусьтен Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 1,3 млрд АҚШ долларын құрады. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 17,5 млн АҚШ доллары тартылды, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,6%-ға көп. Сонымен қатар, 2005 жылдан 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына дейінгі кезеңде қазақстандық инвесторлардың Беларуське тікелей инвестициялары 106,1 млн АҚШ долларын құрады», - деп атап өтті Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма Төрағасы Мұрат Қарымсақов.

Қазақстан-Беларусь Іскерлік кеңесінің қызметі бизнес өкілдері арасындағы тікелей диалогты, тәжірибе алмасуды, серіктестерді іздеуді және бірлескен жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Кеңес Үкіметаралық комиссияға ұсыныстар әзірлеуге және өндірістік кооперацияны тереңдетуге ықпал етеді.

Отырыс аясында жалпы құны 38,6 млн АҚШ долларын құрайтын 11 құжатқа қол қойылды. Олар өнеркәсіптік және сауда ынтымақтастығын дамытуға бағытталған. Олардың қатарында: Беларусь Сауда-өнеркәсіп палатасы мен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы арасындағы көрме-жәрмеңке қызметі саласындағы ынтымақтастық туралы келісім; 2026 жылы МАЗ техникасын жеткізуге арналған келісімге қосымша шарт; «Минск мотор зауытының сауда үйі» ЖШС мен «Минск мотор зауыты» холдингі арасындағы қозғалтқыштарды жеткізу туралы шарт және басқа да құжаттар бар.

Ресми бөлім В2В кездесулерімен аяқталды. Онда екі елдің бизнес өкілдері машина жасау, ауыл шаруашылығы, логистика және өнеркәсіптік инжиниринг салаларында бірлескен жобаларды дамытуға дайын екенін білдірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер