Қарағандыда өңірлік бизнесті дамыту мәселелері талқыланды
Қарағанды облысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Нұрланұлы Шоқановтың қатысуымен өңірлік кеңес мүшелерінің кездесуі өтті. Кездесуге бизнес-қауымдастық өкілдері, салалық кеңестер мен ірі кәсіпорындардың басшылары қатысты.
Нұрсұлтан Шоканов Палатаның басты міндеті – кәсіпкерлердің мүддесін қорғау және өңірлердің тұрақты дамуына үлес қосу екенін атап өтті. Оның айтуынша, Палата кәсіпкермен тікелей байланыс орнатып, өңірлер мен орталық арасындағы кері байланысты күшейтуге басымдық береді.

«Біз кәсіпкерге барынша жақын болуымыз керек. Қарағанды немесе Балқаштан жіберілген сұраныс орталыққа дер кезінде жетіп, нақты шешімін табуға тиіс. Хат алмасумен мәселе айлап созылмауы қажет», – деді Нұрсұлтан Шоканов.
Төраға орынбасарының айтуынша, оның құзыретіне өңірлік даму, экология, туризм, сертификаттау және инвестициялық саясат бағыттары кіреді.
Кездесуде талқыланған негізгі тақырыптардың бірі – шағын және орта бизнесті дамытуға арналған жаңа өңірлік бағдарлама. Жобаны іске асыруға 300 млрд теңге қарастырылған. Ол бес өңірде пилоттық режимде жүзеге асырылып, алты базалық саланы қамтиды. Сонымен қатар әр өңір өз басым бағыттарын айқындай алады.
Нұрсұлтан Нұрланұлының айтуынша, Палата «Бәйтерек» холдингімен және Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, кәсіпкерлер үшін қаражатқа қол жеткізуді жеңілдететін жаңа қаржыландыру тетіктерін әзірлеуде.
Кәсіпкер, Қарағанды облыстық кәсіпкерлер палатасы IT кеңесінің төрағасы Сәбир Ниязов Астана халықаралық қаржы орталығында (AIFC) заңды мекенжайға қойылатын талаптардың қатаңдығы аймақтық компаниялар үшін қиындық туғызатынын айтты. Бұл мәселе бойынша Нұрсұлтан Шоқанов аймақтық IT-хабтар құру мүмкіндігін қарастыратынын және AIFC басшылығымен талқылау жүргізетінін жеткізді.
.jpeg)
Кәсіпкер Николай Абт автокөлік тасымалы саласындағы шамадан тыс жүктеме мен бақылаушы органдардағы жемқорлық тәуекелдеріне қатысты мәселені көтерді. Ол құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды күшейтіп, бұл мәселені Орталық кеңестің алдағы отырысында қарауды ұсынды.
Өңірлік кеңес төрағасы Владимир Алескеров мұнай-сервис саласындағы шетелдік жеткізушілермен бәсекелестікке қатысты мәселелерді және отандық компаниялардың әділетсіз жағдайда екенін атап өтті. Оның айтуынша, ірі компаниялардың сатып алуларындағы жергілікті қамту үлесі әлі де төмен.
«Біз тендерлерге қатысты бірыңғай талаптардың жоқтығы салдарынан ішкі нарықты жоғалтып отырмыз. Отандық өндіруші көштің соңында қалып қоймай, қайта оған артықшылықтар берілу керек», – деді Владимир Алескеров.

Кәсіпкерлердің сауалдарына жауап бере отырып, Нұрсұлтан Шоқанов жақын уақытта Палата салалық министрліктермен бірлесіп, экспорт пен инвестицияны қолдау шараларын жүйелеу жұмыстарын бастайтынын айтты.
«Біз өндірістен экспортқа дейінгі барлық тізбекті көруіміз керек. Ең бастысы – шағын, орта және ірі бизнес үшін тең жағдай жасау», – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, ол қаражатты игерудегі ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында бір пайыздың жұмсалуы туралы деректерді ҒЗТКЖ-да ашық жариялау жөніндегі ұсынысты қолдады.
.jpeg)
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өңірлік экономиканы дамыту, мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру және кәсіпкерлер бастамаларын ілгерілету бағытындағы жұмысты күшейтуге уағдаласты.
«Қарағанды – қуатты аймақ. Мұнда белсенді бизнес және өндірістік әлеует бар. Біз өзара ашық диалог пен нақты бастамаларға сенеміз», – деді Нұрсұлтан Шоқанов.
Сапар аясында Нұрсұлтан Шоқанов «QARMET» кәсіпорнына барып, өнеркәсіпті кластерлік дамыту бастамасымен танысты, сондай-ақ облыс әкімдігі мен прокуратура өкілдерімен кездесіп, бизнестің құқығын қорғау және өзара іс-қимылды күшейту мәселелерін талқылады.
.jpeg)



Пікір қалдыру:
Пікірлер: