Алматыда KazBrand байқауының қорытындысы шығарылуда
Алматыда шағын және орта бизнесті дамытуға, мықты қазақстандық брендтерді қалыптастыруға бағытталған ұлттық реалити байқау KazBrand жобасының финалдық кезеңі өтіп жатыр.
Байқау Орталық Азия Франчайзинг Ассоциациясының бастамасымен және «Атамекен» ҰКП-ның қолдауымен ұйымдастырылған. Бүгін мұнда төрт жеңімпаз анықталып, марапатталады. Олар алдағы бір жыл бойы еліміздің жетекші сарапшыларымен бірге жұмыс істейді.
Байқаудың басты идеясы — кәсіпкерлерге жергілікті бизнесті ұлттық брендке айналдыруға және франшиза арқылы масштабтауға дайындық жасауға көмектесу.
Еліміздің барлық өңірлерінен 1100 өтінім қабылданды. Оның ішінде 310 өтінім алдын ала тексеруден өтті, 80 кәсіпкер толық құжат тапсырып, қорытынды кезеңге 33 компания өтті. Бүгін дәл осы финалистердің арасынан төрт жеңімпаз таңдалады.
KazBrand жеңімпаздарына кешенді даму бағдарламасы ұсынылады: франшизаны толық әзірлеу (құны 7 млн теңгеден басталады, қатысушыларға тегін), бір жылдық сараптамалық қолдау, бизнес-процестерді жүйелеу, қаржылық модель, брендинг, маркетинг, заңгерлік сүйемелдеу және тауар таңбасын тіркеу, сондай-ақ алғашқы франшизаны сатудың стратегиясы мен старттағы қолдау.
Бұл жұмыс істеп тұрған бизнесі бар, бірақ оны кеңейтуге тәжірибесі немесе ресурсы жеткіліксіз кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік.
ҰКП «Атамекен» Басқарма мүшесі, төраға орынбасары және байқау қазыларының мүшесі Тимур Жаркенов мұндай бастамалардың маңызын атап өтті:
«Франчайзинг табысты бизнесті масштабтаудың қуатты тетігі. Бұл ШОБ-қа жаңа деңгейге шығуға, процестерді жолға қоюға және Қазақстан мен шетел нарығына енуге мүмкіндік береді. “Атамекен” мұндай бастамаларды ақпараттық және әдістемелік тұрғыда қолдайды».
Қатысушыларды бағалауда ол басты назарды кәсіпкердің даму ниетіне аударады:
«Дағдыларды меңгеруге болады, ал өзін үнемі жетілдіруге деген құлшыныс табыстың негізгі факторы. KazBrand осындай кәсіпкерлерге ең үлкен пайда береді».

Жобаны франчайзинг бойынша сарапшы, Lanzhou желісінің негізін қалаушы және Орталық Азия Франчайзинг Ассоциациясының төрайымы Гүлбану Майгарина басқарады. Ол байқаудың негізгі драйвері және елдегі франшиза саласының ең мықты мамандарының бірі. Оның сөздері бүгінгі финалдың атмосферасын дәл жеткізеді:
«KazBrand финалы күткеннен де жоғары деңгейде өтті.
20 финалистің орнына 34.
Өйткені бірде-бір идеяны шығарып тастау мүмкін болмады.
Бұл финал үлкен ұлттық тарихтың бастауына айналды».
Финалдың жарқын қатысушыларының бірі — «Кассиет» шығармашылық мектебінің директоры Рада Аубакирова.
Ол байқауда вокал, психология және коучингті біріктірген авторлық терапиялық вокал әдістемесін таныстырды. Бұл әдістеме адамдарға эмоциялық тұрақтылықты дамытуға, ақпараттық жүктемеден арылуға және шығармашылық арқылы ішкі тірек табуға көмектеседі.
«Шығармашылық адамға қанат бітіреді. Ішкі ниет, яғни дүниеге құнды бір нәрсе беруге деген ықылас пайда болғанда, адам толық ашылады», – дейді Рада.
«Кассиет» мектебі мен ЖАРАС Group продюсерлік орталығы көптеген балалардың үлкен сахнаға шығуына және авторлық ән жазуына мүмкіндік берді. Рада KazBrand байқауына қатысу оның жобасын жүйелеуге үлкен серпін бергенін айтады:
«KazBrand бізге тек білім ғана емес, толыққанды жол картасын да берді. Бұл саналы және сенімді бизнес құруға мүмкіндік беретін хард скиллдер мен нақты стратегия».

KazBrand кәсіпкерлік экожүйесін дамытудағы маңызды бастамаға айналды. Мұндай жобалар жергілікті кәсіпкерлердің әлеуетін ашады, ШОБ-ты нығайтады, қауымдастық қалыптастырады, жаңа бизнес-мәдениетті дамытады, тауарлар мен қызметтердің сапасын арттырады және бизнестің өсуіне жол ашады. Әр қатысушы маңызды білім, сараптамалық баға және келесі қадамдардың нақты түсінігін алады.
KazBrand-тың басты құндылығы - шағын бизнеске үлкен болашаққа қадам жасауға мүмкіндік беру.



Пікір қалдыру:
Пікірлер: