astana-view

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ЖАҢА ӨНДІРІСТІК МҮМКІНДІКТЕР ҰСЫНЫЛДЫ

2025 жылғы 25 Қараша
- Алматы облысы
93 просмотров

Алматы облысының бірінші орынбасары Қанат Есболатов Жауғашты ауылы мен Заречный шағын ауданында өткен «Ашық есік күні» аясында №10, №57, №14 және №12 мекемелерінің өндірістік аймақтарын аралады. Делегацияға бос тұрған ғимараттар, модульдік цехтар орналастыруға арналған алаңдар және қолданыстағы инфрақұрылым көрсетілді.

Іс-шара барысында қатысушыларға ҚАЖ мекемелерінің өндірістік әлеуеті, қолжетімді өндірістік алаңдар мен кәсіпкерлер үшін ұсынылатын нақты мүмкіндіктер таныстырылды. Мұндай алаңдар жаңа өндіріс ашуды көздейтін бизнес өкілдері үшін шығынды азайтып, тиімді бастама жасауға жол ашады.

Шараға Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Азамат Алиев, облыс, аудан және қала әкімдіктерінің өкілдері, кәсіпкерлер мен бизнес-қоғамдастық мүшелері қатысты.

Жиынның негізгі мақсаты – кәсіпкерлерді ҚАЖ жүйесі базасында қолжетімді өндірістік қуаттармен таныстырып, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасау, жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал ету.

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов бұл бағыттың өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтті:

«Сотталғандарды жұмыспен қамту олардың күнделікті өмір сапасын арттыруға, әлеуметтік ортаға қайта бейімделуіне және жауапты еңбек мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. ҚАЖ мекемелерінде ашылған өндірістерде жұмыс істейтін азаматтар тұрақты табысқа ие болып қана қоймай, нақты кәсіби дағдыларды меңгереді. Бұл олардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, тәртіптің сақталуына, ішкі ахуалдың жақсаруына да оң әсер етеді. Біздің міндет – әлеуметтік осал топтарды қолдау арқылы қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты күшейту. Осы бағыттағы жобалар облыс әкімдігінің ерекше бақылауында», - деді ол.

Бизнес үшін ұсынылып отырған негізгі артықшылықтар:

         1.      Дайын инфрақұрылым: электр, су, жылу жүйелері жүргізілген.

         2.      Қолжетімді өндірістік алаңдар: бос ғимараттар және модульдік цехтарға арналған орындар.

         3.      Тұрақты жұмыс күші: еңбекке қабілетті адамдарды заң аясында жұмысқа тарту мүмкіндігі.

         4.      Мемлекеттік қолдау шаралары: жеңілдіктер мен қолайлы шарттар қарастырылған.

Кездесу барысында кәсіпкерлер өз бастамаларын ұсынып, жаңа өндіріс орындарын ашу перспективаларын талқылады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай ынтымақтастық бизнеске жаңа нарықтарға шығуға, өндірістік шығындарды төмендетуге және өңірлік экономиканың тұрақты дамуына мүмкіндік береді.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Азамат Алиев ҚАЖ мекемелерінің өндірістік инфрақұрылымын пайдалану бизнестің жаңа серпін алуына ықпал ететінін атап өтті:

«Кәсіпкерлерге дайын инфрақұрылым, қолжетімді алаңдар және тұрақты жұмыс күші ұсынылуы – өңір экономикасын дамытудағы маңызды қадам. Палата тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Біздің мақсатымыз – бизнестің жаңа мүмкіндіктерін кеңейтіп, өндіріс ашуға нақты жағдай жасау. ҚАЖ мекемелерінің базасы кәсіпкерлер үшін шығынды азайтып, тиімді жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді», - деді ол.

Төрт мекемеде бүгінгі таңда шамамен 1600 адам тұрақты жұмыс істейді. Олар ҚАЖ мекемелерінің базасында кәсіпкерлер ашқан өндіріс орындарында еңбек етіп, атқарған жұмысының көлемі мен сапасына сәйкес еңбекақы алады. Мұндай ынтымақтастық форматы жұмыспен қамтуға мүмкіндік берумен қатар, жаңа дағдыларды меңгеруге және әлеуметтік бейімделуге ықпал етеді.

ҚАЖ мекемелерінде өндіріс ашып, жұмыс істеп отырған кәсіпкерлердің бірі Владимир Федотов еңбек қатынастарындағы теңдік қағидатының маңызды екенін ерекше атап өтті:

«Бізде 120 адам жұмыс істейді – барлығы да еңбекқор, жауапкершілігі жоғары азаматтар. Адам жаза өтеп жатыр екен деп, оның еңбегіне аз төленуі керек деген түсінік бізде жоқ. Мұнда әркім жасаған еңбегіне қарай табыс табады. Жақсы жұмыс істеген адам – лайықты еңбекақы алады», - деді кәсіпкер Владимир Федотов.

Алматы облысында ҚАЖ мекемелерінің өндірістік аймақтарын бизнес-қауымдастыққа ашу өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға бағытталған жүйелі шара ретінде бағаланып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер