Ақтөбе бизнесі ұшін жеңілдетілген салықтың жаңа ставкалары бекітілді
2025 жылы жаңартылған Салық кодексі қабылданып, ол 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Негізгі өзгерістердің бірі — оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолданудың жаңа тәртібі. Сондықтан Арнайы салық режимінің мөлшерлемесі өңір үшін стратегиялық мәселеге айналды.
Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасы бұл жұмысты 6 тамызда бастаған болатын.
«Біз жергілікті атқарушы және өкілді органдарды уақытылы тартып, шешім 1 желтоқсанға дейін қабылданып, бизнестің жаңа салық кезеңіне дайындалуына мүмкіндік беруді қамтамасыз еттік. Өңірлердің экономикалық ерекшеліктері мен кәсіпкерлердің қажеттіліктерін ескере отырып, мәслихаттар ғана 2-ден 6 пайызға дейінгі сараланған мөлшерлемелерді белгілей алады. Палатаның ұстанымы өзгеріссіз қалды — мөлшерлеме 2%. Біздің ұсынысты Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесі қолдады: оның 11 мүшесінің 10-ы «қолдады» деп дауыс берді. Сонымен қатар аудандарда ауқымды жұмыс жүргізілді — кездесулер, талқылаулар, жаңа Кодекстің нормалары мен экономикалық салдарларын түсіндіру», — деп айтты ӨКП директорының орынбасары Руслан Куйшинов.
Оның ақпараты бойынша, Алға және Қобда аудандары бастапқыда мөлшерлемені 2%-ға дейін төмендету туралы жобаларды жариялаған, алайда кейін оларды міндетті қайта келісусіз 3%-ға өзгерткен. Палата рәсімнің бұзылғаны туралы хабарлады. Алға ауданы ескертулерді ескеріп, кезектен тыс сессия өткізіп, бұрынғы шешімді жойып, 2026 жылға арналған жаңа — 2% мөлшерлемесімен шешім қабылдады. Қобда ауданы ескертулерді қабылдамады.
Бүгінгі таңда, 1 желтоқсан бойынша, Арнайы салық режимінің мөлшерлемелері бойынша шешімдер барлық аудандарда және Ақтөбе қаласында қабылданды. 2% мөлшерлеме — он ауданда, 3% мөлшерлеме — Мәртөк және Қобда аудандарында, сондай-ақ Ақтөбе қаласында бекітілді.
Жұмыс мерзімінде аяқталды. Кәсіпкерлер қажетті айқындыққа ие болды және 2026 жылға өз қызметін жоспарлай алады. Бұл — бизнес пен билік арасындағы конструктивті диалогтың нәтижесі деп санаймыз.
Кәсіпкерлер палатасы өтпелі кезеңде бизнестің жанында болып, қабылданған шешімдердің өңір экономикасына қалай әсер ететінін әрі қарай да бақылап отырады.



Пікір қалдыру:
Пікірлер: