«Атамекен» Павлодар өңірлік кәсіпкерлер палатасы бизнес құқықтарын 335 млн теңгеге қорғады
2025 жылдың он айында Өңірлік кәсіпкерлер палатасының (ӨКП) кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімі он сот процесіне қатысты, оның бесеуінде кәсіпкерлердің талаптары толық қанағаттандырылды.
Осы кезеңде Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының заңгерлері бизнес қорғау бағыты бойынша 85 өтінішті қарады, оның 40-ы (47 пайызы) толық көлемде қорғалды. Қорғалған құқықтар сомасы 335 235 196 теңгені құрады.
Он ай ішінде ӨКП-ның заң бөлімі 130 нормативтік құқықтық актіге сараптама жүргізді, олардың сегізі ескертуімен берілді.
Сонымен қатар, Палата мамандары мемлекеттік сатып алулар бойынша он екі келісім комиссиясына қатысты, оның тоғызы кәсіпкерлік субъектісінің пайдасына шешілді. Бұдан бөлек, жарамсыздық белгілері бар мәмілелер материалдарын алдын ала қарау жөніндегі алты келісім комиссиясына қатысты: барлығы 49 материал қаралды.
«Осы кезең ішінде Палата жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің 14 отырысы өткізілді. Мемлекеттік сатып алулар, жер қатынастары, жеке сот орындаушыларының қызметі, әкімшілік өндіріс мәселелеріне қатысты 21 тақырып қаралды. Отырыстар қорытындысы бойынша 38 ұсыным әзірленді», – дейді Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов.
Кеңес төрағасы Нұрлан Нәбиевтің жетекшілігімен қаралған материалдар нәтижесінде екі мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.



Пікір қалдыру:
Пікірлер: